Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Ш.Кейкиннің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысына аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының мүшелері - отызға тарта мекемелер мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Өз кезегінде сөз алған Мақат ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры А.Камалов 2021 жылдың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі туралы тоқталып, «Көктем – 2021» Республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуды ұйымдастыру және өткізу туралы және Атырау облысындағы мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері құрылмаған елді-мекендерінде кезең-кезеңмен өрт сөндіру бекеттерін құру туралы баяндамалар жасады.
Баяндамашы қыста жауған қалың қардың әсерінен елді-мекендердегі тұрғын үйлердің суға кетуінің алдын алу жұмыстарының өзектілігі, «Көктем – 2021» Республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуды ұйымдастыру және өткізу туралы аудан әкімінің бұйрығы мен жоспарын таныстырып, талқыға салды.
Доссор кентінде қажетті өрт сөндіру бекетін ашу туралы мәселе бұған дейін де көтеріліп жүрген еді. Аудан әкімі бұл мәселеге жер белгілеу керектігін жеткізіп, жақын арада өз шешімін табатынын жеткізді.
Отырыс барысында мүдделі органдар мен ұйымдардың басшылары да тыңдалды. «Жаман айтпай жақсы жоқ», қиын қыстау күн туа қалса, қай-қай мекеме де тиісті техникасымен көмектесуге әзір екенін жеткізді.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордан