Доссор көшелеріне 10 000 түп петуния егілді

(0 Votes)

Бүкіл қазақ даласына құтты қойнауынан нәр беріп, гүлге орандырған қара алтынның қарашаңырағы -Доссор кентінің де құлпырар сәті туды.

Табиғаты құрғақ, жері сортаң болса да, мұнайлы мекеннің маңдай бағы бес елі екендігі бесенеден белгілі. Ала жаздай көк шаңға көмілетін қадірлі мекеннің гүлмен көмкерілетін кезі келді. Өңірде өндіріс ошақтары шоғырланғандықтан, экологияны тазарту үшін гүл отырғызу - құптарлық іс. Бұдан бұрын да ауыл азаматтарының бірігуімен егілген жасыл желектер бүгінде бой көтеріп, кенттің ажарына сән қосуда.

3ae42e7f-557f-400b-8b0e-bb7dbf506283

Аймақты жасыл желекке орап, көгалдандыру жұмыстары кент әкімдігінің назарынан ешқашан тыс қалған емес. Өңірде енді талдан бөлек, гүлдердің жаңа түрлері отырғызыла бастады. Оған дәлел көктем мезгілінен бастап кент көшелеріне жаңа жас көшеттерді және гүл отырғызу жұмыстары белсенді жүргізілген болатын.

91d1ffc0-1ca4-45fb-ab5c-ea8010b7fc10

М.Өтемісұлы көшесіндегі (Доссор-Атырау бағытындағы жолдың екі жағы), Ш.Еркешов көшесі және О.Шәрімов көшесіне 500 дана қара ағаштар егілді. Кенттің орталық тас жолы бойындағы сор жағалауына арнайы топырақ төселіп, органикалық тыңайтқыштармен қопсытылып, тал егуге дайындалған болатын. Бүгінде аталмыш жерлерге жас көшеттер егіліп, арнайы тамшылатып суару әдісі іске қосылды. Сондай-ақ, топыраққа биогумус тыңайтқыштары араластырылып, түрлі жәндіктерден қорғайтын қоспамен қамтылды.

40bbe3bf-8dd6-411a-8246-b9e0bdf35ea1

Кенттегі Ш.Еркешов көшесіндегі жастар аллеясына, О.Шәрімов көшесіндегі «Доссор мұнайына - 90 жыл» монументалдық ескерткіш бойына, Ғ.Сүлейменова көшесіндегі «Ұлы Жеңіске – 50 жыл» ескерткішінің алдындағы гүлзарға, Ж.Мұхтанов көшелерінің қиылысының көгалдандыру алаңына да гүлдер егілді. Арнайы топырақ пен органикалық тыңайтқыш көмегімен көп жылдық «Нок-аут» бұтақты роза - 300 дана және 10 000 дана - петуния отырғызылды.
Гүлдердің бұл түрі тек қана әкімдік маңына ғана емес, орталық көшелер мен қиылыстарда, мәдени нысандар аумағында да жайқалып тұр. Алыстан менмұңдалайтын қызылды-жасылды гүлдер кез келген адамға ерекше көңіл күй сыйлайды.

36bd1ffd-f2e7-4170-96b7-1f8e7e24960b

Тұрғындар гүлдерге тамсанып, сүйсіне қарауда. Доссорды гүлмен көмкерудiң де өзiндiк себебi бар. Бұл ауылдың экологиялық жағынан таза болуына септiгiн тигiзедi. Кентті республикалық маңызы бар тас жолы бөліп өтетіндіктен каптаған көлiктен шығатын газдармен уланған өңірді күл-қоқыстан, улы заттардан арылтудың бiрден бiр жолы да осы – тал егiп, гүл отырғызу.

6feea593-0479-486e-9e9f-84ef65913a7f

Бүгінде уақыт ағымына, талғамның өсуіне сай, көшеге, саябақтарға отырғызылған гүлдер аса талғампаздықпен, шығармашылық ізденіспен егілген. Сондықтан болар, кілемдей жайқалған гүлдер адам жанына қуаныш, шаттық, тыныштық, сұлулық сыйлайды.

499d8338-78e6-4360-a64e-7e697dbc4be4

Тіпті, оларды үзіп алып қиянат жасауға да, дәтің жетпес.

976f1c05-301e-41d9-bbdd-7cf58ba5984c

Айтпақшы, мұндай гүлдерді күнделікті күтіп-баптап ұстап отыру да оңай шаруа емес. Сондықтан шақырайған күннің астында гүлдердің әдемілігін ала жаздай күзетіп жүретін қарапайым қоғамдық жұмысшылардың да еңбегін бағалай білейік. Ендігі жерде кенттің көркем келбетін көргіміз келсе, төрт түлігімізді бақылауда ұстап, гүлдерді үптеп жұлынуына жол бермеуі үшін тәрбиені өзімізден бастайық. Өйткені ауылдың жайқалып тұрғаны, әрбір тұрғын үшін мақтаныш екені сөзсіз!

М.ІЗТҰРҒАНОВА
Cуреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT