Дүрліктірген дерт дүниені дендегелі дәріханалардың да айналасында дүрбелең пайда бола бастады.
Ауруы асқынған жұрт дертіне дауа табуы үшін дәріханалардың айналасына топтасып ұзын-сонар кезекке сағаттап тұруы күллі ел көлеміндегі көз үйренген жағдайға айнала бастады. Дәріге деген тапшылық біздің ауданды да айналып өтпеді. Шыжыған күннің астында сағаттап кезегін күтіп тұрғандар кезінде құны қара бақыр тұрған қызу түсіретін дәрілерді қазір "ат басындай алтынға" айырбастаса да алғалы тұр.
Бір білетініміз бүгінгі таңда, аудандық дәріханаларда вирусқа қарсы дәрі (антибиотиктер, цефазолин, новакаин) және кейбір препараттар дәрігерлердің рецептісімен берілуде екен. Ел көлемінде қалыптасқан ахуалды құлқынның қамы үшін пайдаланып, дәріні негізсіз қымбаттатқандардың алды құрыққа ілініп жатқанын ақпарат ағымынан көзіміз шалып жатыр. Осы орайда, аудан әкімдігі жанынан құрылған мобильді топ мүшелері 13-ші шілде күні дәріханалардағы дәрі-дәрмек қорымен бағаларын бақылау мақсатында рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде дәрі дәрмек бағаларына асыра сілтеу фактісі орын алған жоқ. Тіпті, бұндағы жұрт салыстырмалы түрде аудан дәріханаларындағы баға қалалықтардан да арзан екенін айтып қалды. Дәріхана иелерінің айтуы бойынша жетіспейтін дәрілерге тапсырыс беріліп күтілуде. Алайда, тапсырыс қабылдайтын фармациялық мекемелердің өзінде де дәрілер тапшы болуына байланысты, кешігіп немесе өте аз мөлшерде келуде. Сондай-ақ, теміржол арқылы тасымал тоқтағандықтан , "Казпошта"АҚ мекемесі арқылы келетін дәрі-дәрмекке күту қажеттілігі туындап отыр.
Ашуын ақылына, үрейін сабырына жеңдіре білген текті жұрттың ұрпағы бұл күндерді де артқа тастар. Шыдамды болудан басқа шара қалмаған сәтте, шама келгенше аурудың алдын алып күтініп жүріңіздер.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі