Ауданда 70 жылдан аса шығып тұрған «Мұнайшы», бүгінгі «Мақат тынысының» сарғайған беттеріне көз салып, зерделей білсеңіз, мұнда замана талаптарына сай атқарылған ауданның тыныс-тіршілігін байқайсыз. Басылым тарихы, ауданның да тарихы, елдің, жердің шежіресі.
Қазір жоғары технология заманы, ғаламтор, әлеуметтік желілер кең дамыған уақыт деп жатамыз. Солай бола тұрса да, аудан айнасы - «Мақат тынысы» газеті өзінің мәні мен мағынасын, маңыздылығын, оқырманға қажеттілігін ешқашан жоғалтқан емес, жоғалтпайды да.
Басылым заман үрдісінен кем қалмай, жылт еткен жаңалықтың ізін суытпай, шұғыл түрде интернет сайт пен әлеуметтік желілерге жүктеп келеді.
Өз оқырманы қалыптасқан «Мақат тынысы» газетінің шығарылымы мен таралымына тұрақты түрде атсалысып жүрген оқырмандарымызбен арадағы байланыстың жібін үзбеу – басты мақсатымыз.
Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарынсыз өмір сүретін бірде-бір адам жоқ. Түрлі ақпаратты біліп отыру, сондай-ақ, барша жағдайды танып-білу, соны сүзгіден өткізіп, заманға байланысты ой қорыту – журналистер жұмысының жемісі.
Сондықтан, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесін халықтық мейрам десек, қателеспейміз.
Олай болса, мереке құтты болсын, оқырман! Бізбен бірге болыңыз!
Құрметпен “Maqat tynysy” ұжымы