Атырау қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Спорттық жүлде – 2021» атты жылдың қорытынды спорттық кеші өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы қатысып, биылғы жыл спорт саласы үшін табысты өткенін атап өтті. Сондай-ақ, бір топ спортшылар мен спорт мамандарын марапаттады.
Спорт жұлдыздарын анықтайтын кеште ауданымыздың мақтаныштарының да есімі аталды. Мәселен, муай-тайшы Әбіл Галиев Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша «Жыл спортшысы» номинанты атанды. Әбіл биыл пандемияға қарамастан жақсы нәтижеге қол жеткізген спортшылардың бірі. Қыркүйек айында Қырғызстан елінің Шолпан-Ата қаласында ММА (GAMMA нұсқасы бойынша) ересектер арасында өткен Азия чемпионантында чемпион атанған болатын. Сондай-ақ, жыл аяғында Тайланд елінде өткен Әлем чемпионатында да қола жүлдеге ие болды.
Әбілдің артынан ерген Арсен Бейсенбай да жаста болса өз мықтылығын танытып келеді. Ол биыл алғаш рет Әлем чемпионатында бақ сынып, сәтті аяқтады. Тайланд елінің Бангког қаласында өткен дүбірлі дода да жасөспірімдер арасында чемпион атанды. Салтанатты шара барысында Арсеннің есімі мадақталып, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Р.Ибрагимовтың «Алыс хатына» ие болды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА