Ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында бәйгетөбе алаңында әуелі топ бәйге, кейін аламан бәйге өтті.
Еліміздің түкпір - түкпірінен жиналған "мыңнан шыққан тұлпарлар" жиналған көптің делебесін қоздырып, ынтықтыра түсті.
Межелі мәреге жетпегені де болды.
Топ бәйгеде 16 жүйріктен суырыла шыққан Ақтөбелік Тұрақбай Мүсілім мәрені бірінші кесті.
Ал, аламан бәйгеде 14 сүйгіліктің ішінен Тараздық Ермеков Айболдың "Дос" атты сәйгүлігі он айналымнан бірінші келді.
Мерейтойдың қызығын қазақша күрес алаңы жалғады. "Сен тұр мен атайын" деген қылшылдаған жас буын өкілдері белдескен кілем үстінде қызықты тартыс болды.
Еліміздің бірнеше дүркін чемпиондары әлі де таныла қоймаған палуандармен кездескен сәттері де жанкүйерді қызықтырмай қалмады.
Бірі жамбасқа сала лақтырса, келесілері бүк ұпаймен алға шығыпжатты.
Нәтижесінде, ауданымыздың мақтанышы Серікболсын Шынтас бірінші орынды иеленсе, екінші орынға ақтөбелік Жандос Қалабайдың қолы жетті.
Үшінші орынды мақаттық Әділет Сапарғалиев иеленді.
Шашасына шаң жұқтырмаған палуандар көптің қошеметіне бөленді.
"МТ"