Аудандық мәдениет үйінде халықаралық мүгедектер күніне орай мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен «Жұлдыз-ай» өнер фестивалі өтті.
Фестивальдің мақсаты - шығармашыл балаларды анықтап, талаптарын шыңдауға қолдау көрсету және қоғамда бейімделуіне қолғабыс ету болып табылады.
Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Азамат Мәмбетов құттықтау сөз сөйлеп, қашанда ерекше балаларға қолдау көрсету, қоғаммен етене араластыру, оларға қай жағынан да мүмкіндік жасау - басты міндеттердің бірі болып табылатындығын айтты.
Сондай-ақ, бала бақыты бәрінен биік екендігін жеткізіп, фестивальге қатысушы бүлдіршіндерге шығармашылық табыс тіледі.
Шара соңында аудан әкімі Азамат Саматұлы өз өнерлерін көрсеткен барлық қатысушыларды аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапаттап, сый-сыяпатын табыс етті.
Ә.ҚАСЫМ