Бүгін, 22 қазан күні аудандық мәдениет үйінде Республика күніне арналған салтанатты шара өтті.
Он үш жылдан кейін мәртебесі қайтарылған ұлық мерекенің құрметіне қойылған концерттік бағдарламадағы алғысөз аудан әкімі Ринат Ибрагимовқа берілді. Ол өз атынан еңбегімен ерекшеленген әртүрлі сала мамандарына және ардагерлерге алғыс хаттар табыстады.
Кейін аудандық мәслихаттың хатшысы Қуаныш Исмагулов та мемлекеттік қызмет, мәдениет, спорт қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады.
Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов Ұлы Отан соғысы батырларының есімдерін қастерлеу үшін бекітілген «Қас батыр» медалін, «Ардақты Ана» алтын белгісін, «Ембімұнайгаз АҚ-на 100 жыл» мерейтойлық медалін және Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің марапат медалі мен алғыс хатын аудан ардагерлеріне тапсырды.
Шараның көркін «Тойбастар» биімен «Еркем-ай» үлгілі би тобы, «Қазақстаным» әнімен Данияр Еримов, «Туған ел» әнімен Думан Құрмашев пен Гүлнәр Ишанғалиева, «Беу, құрбым-ай» әнімен Айжан Жұматова, «Хорезм» биімен Айсара Тұрарова, «Бипыл-ай» күйімен Айзада Хабиболлаевалар қыздырды. Азамат Елубаевтің орындауындағы Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнімен шараның әдемі нүктесі қойылды.
А.Есжан