Ауданда Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті.
Алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қыз-жігіттер алтыбақан теуіп, тұрғындар қуанышқа кенелді.
Алдымен аудан әкімі Азамат Мәмбетов береке-бірліктің бастауы болған – Ұлыстың Ұлы күнімен жұртшылықты құттықтап, ізгі-тілегін жеткізді.
Әрі қарай наурызды сән-салтанатпен қарсы алған аудан тұрғындарына арнайы мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрді дәріптейтін театрландырылған көріністер көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік шараны жандандыра түскен қазақ эстрада жұлдызы Әмре әннен шашу шашып, халықтың ыстық ықыласына бөленсе, кешті жалғаған аудан көркемөнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасы наурыз думанның шырайын аша түсті.
Сондай-ақ, мереке аясында қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тартыс сынды қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Аудан тұрғындары да киіз үйлерде дайындалған дастарханнан дәм татып, наурыз мерекесінде ақжарма тілектерін жаудырды.
Ә.ҚАСЫМ
Сурет автордікі