Ауданда «Музей түні - 2023» шарасы өтті

(0 Votes)

Елімізде дәстүрлі түрде Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні» атты керемет шара өтеді. Осы күні тұрғындар музей қызметкерлері ұйымдастырған түрлі бағдарламалық шараларға қатысады. Тарихи жәдігерлерге үңіліп, таным көкжиегін кеңейтіп қайтады. Бұл бір сөзбен айтқанда, уақытты көңілді һәм пайдалы өткізуге арналған бастама.

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні – 2023» мерекелік шарасы өткізіліп, ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараның мақсаты қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, жасаған бұйымдарын халыққа насихаттау болды. Шараға аудан қолөнершілері арнайы шақырылып, келушілерге шеберлік сағатын өткізді.

Тоқымашы, әртүрлі бұйымдарды тоқу шебері Қ.Сәрсенбаева, қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі матадан қиыстырып құрақ қию шебері А.Ерманова, «Атырау дизайнерлер қауымдастығының» мүшесі, сөмке тігу шебері А.Тәттығұлова және гипстен мүсін жасау өнерінің шебері М.Саясатова келушілерге өз бұйымдарынан жәрмеңке ұйымдастырып, олардың жасалу жолын көрсетті.

«Музей түні» шарасын аудан тұрғындары, колледж студенттері мен мектеп оқушылары тамашалады. Шара соңында музей басшысы Қ.Айдаралиева қолөнер шеберлерін алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.

Музей жәдігерлерімен танысуға арналған осынау шара елдің тарихын танып-білуге және рухани құндылықтарды сақтауға септігін тигізері сөзсіз.

Г.МҰРЗАҒАЛИЕВА,

Мақат тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT