Мақат кентінде темір жол саласына қатысы жоқ отбасы кемде кем. Солардың бірі Ликаровтар десек, бүгінгі әңгімемізге арқау болар жан осы әулеттің мүшесі – Қанат Ликаров.
Ол 1987 жылдың 7 қыркүйегінде Құрманғазы Ликаров пен Майра Ізтелеуованың шаңырағында екінші перзенттері болып дүние есігін ашады. Әкесі ұзақ жылдар бойы тепловоз машинисі болса, анасы станса кезекшісі болып еңбек еткен. Қанат 1994-2005 жылдар аралығында аудан орталығындағы Х.Санбаев атындағы орта мектепте тәлім алды. Сол жылы Ақтөбе қаласындағы М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясының «Көлік және Көлік Технологиялары» факультетіне оқуға түсіп, бірінші курстан соң сырттай оқу бөліміне ауысады.
Үйіндегілердің теміржол саласында тер төккенін көріп өскен баланың басқа мамандық таңдауы мүмкін емес болғандай. Бірақ өзі егер бұл саланы таңдамағанда мүмкін ұшқыш болатынын айтады.
Көп ұзамай ол Мақат локомотив пайдалану депосына «сантехник-жөндеуші» болып жұмысқа қабылданады. Кейін Ақтөбе қаласындағы Теміржолшыларды оқыту орталығынан «тепловоз машинисінің көмекшісі» мамандығын бітіріп, аталған лауазымға ауысады. Ал 2009 жылы дәл сол оқу орталығынан «тепловоз машинисі» мамандығын оқып, жүк тасымалында «тепловоз машинисі» болып еңбек жолын жалғастырады. Адал еңбегімен көзге түскен оған 2011 жылы Мақат локомотив пайдалану депосының басшылығы «үшінші сыныпты тепловоз машинисі» дәрежесін береді. Ал 2016 жылы біліктілігі «екінші сыныпты тепловоз машинисіне» артты.
«2016 - 2022 жылдар аралығында жолаушылар тасымалында тепловоз машинисі және нұсқаушы машинист, одан кейн аға локомотив қабылдаушы болып қызмет қылдым. Желтоқсан айынан бері «General Electric and Wabtec Corporation» компаниясында «сапа жөніндегі жетекші маман» ретінде еңбек етудемін. Біздің жұмыстың қызығы – әр күні әр түрлі жағдайға кезігеміз, ал қиыны – түнгі уақытта жұмыс істеу»,- дейді 19 жасынан бері теміржолдың ыстығы мен суығына төзіп келе жатырған жан.
Еңбекқор маманның еңбегі басшылық тарапынан да еленіп, 2017-2019 жылдары үш рет қатарынан «үздік машинист» атанған. Сонымен қатар «ҚТЖ-ЖҮК ТАСЫМАЛЫ» акционерлік қоғамы мен кәсіподақ ұйымының басшылығы тарапынан алған әртүрлі марапаттары бар.
Қанат жұмысы қанша жауапты жұмыс болса да жүгіру, доп тебу, кітап оқу секілді сүйікті істерінен қол үзген емес. Жергілікті жастар оны әсіресе интеллектуалды сайыстардың белсенді қатысушысы ретінде жақсы таниды. Ол «Не? Қайда? Қашан?», «Білім ринг», қазақша куиз ойындарынан аудан мен облыста жеңімпаз атанып, «үздік ойыншы» атағын да алып үлгерген.
Жары Гүлсезім екеуі үш бала тәрбиелеп отырған кейпкеріміздің ендігі алға қойған мақсаты – ағылшын тілін меңгеріп, Америка Құрама Штаттарына сапар шегу.
Осындай арманы асқақ, талабы зор азаматтардың күшімен еліміздің теміржол саласы дамып, ауданымыз шарықтай түсетініне сеніміміз мол.
#EnbekEri
А.Есжан