"Алтын той" иелері ақ батасын берді

(0 Votes)

Аптаның алғашқы күні ауданық мәдениет үйінде "Алтын той" иелері Қазбек және Ағылес Аймашовтар жанұясымен кездесу кеші өтті.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен отбасы күніне орай өткізілген шараға жаңадан отау құрып жатқан жас жұбайлар да қатысты. Шараның шымылдығын түрген "Шаттық" би тобы мен аталмыш мәдениет үйінің жас әншілері кештің көркін кіргізді. Елу жыл бойы өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып келе жатқан кеш кейіпкерлері көрсетілген құрметке дән риза. "Бір кездері бүр жарған қос шыбық қазір мәуелі бәйтерекке айналып отыр",-деп бастады әулетпен әдемі сұхбат өрбізген кеш жүргізушісі Раушан Алиева.
Өскен өңіріне перзенттік махаббатын елеулі еңбегімен білдірген Қазыбек ағамыз, шыққан биігімен ауданның ғана емес елдің абыройын асқақтатты. Толағай табыстың тайқазанын тасытып, алдыңғы лектен көріне білген Ағылес апамыздың да абыройы қашан да асқақ, беделі биік. Ақ некенің қасиетін қадір тұтып 50 жылдан бері бір шаңырақ астында келе жатқан ерлі-зайыптының пайым парасаты кім-кімге болмасын ой салары анық. 2 қыз, 3 ұл өсіріп, олардан 14 немере, 2 шөбере сүйіп отырған 70 жастағы Қазбек қария мен Ағылес әженің әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет.


"Ханды құрметтегендей төрге шығарып, алтын тойымыздың тұсында қаумалап жатқандарыңызға рахмет. Біздер соғыстан кейін өмірге келген пенделерміз. Әкелеріміз соғыс ардагері болды. Екеумізде он жылдық білімді бірге алдық. Бүгінгідей барған бойда оқуға түсе салу деген ол кезде жоқ. Бір құлап, қайта талпынып әрі қарай әр түрлі оқу орындарына барып татар дәмімізге қарай түрлі мамандықтар игердік. Үш жыл әскер қатарында болдым. Әке-шешелеріміз бірге өскен. Оның әкесі де менің әкем де мұнай жабдықтау бөлімінде жұмыс жасады. Екеумізде көп балалы жанұядан ел қатарлы өсіп-өндік",-дейді Қазбек ағамыз. Жолдасының сөзін жалғаған Ағылес апамыз тату тәтті ғұмыр кешудің қыр сырымен бөлісті. "Ел қатарлы талмастан еңбек еттік. Елу жылдың ішінде ащыны да, тұщыны да көріп жатырмыз. Ең бастысы - сыйластық, екі адамның бір-бірін түсіне білуі, бірлік және еңбек. Еңбек еткен адам көркейеді, жарқырайды. Ал, мына шаңырақ көтеріп жатқан жас отауларға айтарым біріңді-бірің сыйлаңдар, ашуды артқа тастап, тек алға ұмтылу керек деп ойлаймын. Заманыңа бейімделе біліңдер деп балаларыма да айтып отырамын. Босағаны оң аяғымен аттаған келін, келген жерін өз үйім, өзімнің отаным деп білсе барлық қиындық артта қалады. Өзімнің үйім - өзім көркейтемін десе шаңырақ биік болып, бақытты ғұмыр кешпек. Сіздерге тек жақсылық тілеймін",-деді кеш қонағы.


Артынша кеш кейіпкерлерімен етене жақын таныс әжеміз өз естеліктерімен бөлісті. "Бір қызық әңгіме. Ол кезде де қызды алып қашқан ғой. Қазбек Ағылеске ниетінің дұрыс екенін білдіргендіктен кейін Мақаттың бір машинасымен алып қашқан ғой. Басында ешкім ру сұраспайды. Әбден алып қашып келе жатқанда шөпір жігіт қыздың руы қандай деп сұрайтын көрінеді. Қазекең ысық десе, "ойбай сонда мен өз қарындасымды алып қашып келе жатырмын ба, қой кейін кеттік!",-деп Ескенеге қарай кері кеткен екен",-деп жиылған жұртшылықтың езуіне күлкі жүгіртті.
Қызықты кеш әрі қарай жақында ғана шаңырақ көтерген жас отбасыларға неке куәлігін табыстау шарасымен жалғасты. Сахна төріне көтерілген Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Г.Биташева өз қолымен жастардың некесін қиып, жас мемлекетіміздің жаңа бір жұппен толыққанын сүйіншіледі. Жас отау иелері Әнуар Теңдібай мен Жанеля Әбдіғали және Абат Ахметов пен Андыз Сәрсенайға алтын той иелерінің жолы жұғысты болсын деген ниетпен Қазбек ағамыздан бата сұралды.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары О.Айкашова кейіпкерлерімізге ыстық ықыласын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хаты мен арнайы естелік сыйлықтарын табыстады. Елу жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан алтын той иелерінің шаңырағы шаттыққа толып, жаратушым "Гауһар тойға" жеткізуді жазсын!


А.САДЫҚОВ
суреттер автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521