«Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Атырау облысының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жол картасын талқылау кезінде айтылды»,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Атырау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өтті.
«ҚР Тұңғыш Президенті, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі «Жол картасын» әзірлеп, жария түрде қарауды тапсырған болатын. Бұл «Жол картасы» – қаланы, әрбір ауданды әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды»,- деді Махамбет Досмұхамбетов. «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының басшысы Нұрлыбек Ожаев алдағы бесжылдықта облысымызда 6 480 орындық 11 мектептің және 12 850 орындық 56 балабақша мен 610 орындық 6 жатақхананың құрылысы жоспарда екенін айтты.
Сондай-ақ, 22 спорт кешенінің құрылысын салу арқылы халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейін 38 пайызға жеткізіп, 10 медициналық нысанның құрылысын салып денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жоспарлануда екендігі де айтылды.
Айта кету керек, жиын соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов фракция мүшелеріне бірқатар тапсырма берді.