Бұған дейін «Адалдық алаңы» жобасы аясында мектеп қабырғаларында «Адалдық дүкені» қызметін бастаған еді. Аталмыш дүкен алдына балаларды қандай істе де адал болуға, адамдардың бір-біріне деген сенімділіктерін арттыруға, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсылық мәдениетін дамытуға күш салатын мақсат қойған.
Міне, адамдық ардан аттамауға насихаттайтын жоба аудандық "Қазпошта" бөлімінде жалғасын тапты. Аталмыш дүкен "Атырау адалдық алаңы" жобалық кеңесінің Мақат ауданы бойынша өкілі К.Алишеваның қатысуымен ашылды. Өкілдің айтуынша әзірге қызықты газет-журналдар, құттықтау ашықхаттары қойылған дүкен сөресі алдағы уақытта тағы да тың дүниелермен толықпақ.
«Адалдық дүкенінің» өзгешелігі сол, мұнда еш сатушы болмайды. Әрбір адам өзіне қажетті затын алып, оның ақшасын арнаулы жәшікке салып кетеді. Бұл адам бойына тазалық, адалдық, жауапкершілік қасиеттерін көбірек сіңіруге себеп болмақ. Аталмыш дүкен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті» қалыптастыруға тікелей әсер етеді. «Адалдық дүкені» - кент тұрғындары үшін нағыз тәрбие мекені болатынына сеніміміз мол.
А.САДЫКОВ