Өнер мектебінің өрендері Республикалық байқаудан топ жарды

(0 Votes)

Жас дарындарымыздың шығармашылық қабілеттерін дер кезінде байқап, оны дамыта білу - әр тәлімгердің айрықша қасиеті.

Дарынды жастардың әлеуетін толыққанды ашу жолында Мақат балалар өнер мектебінің еңбегі орасан. Олар өздері секілді еліміздің өзге де өнер ұжымдарымен өзара шығармашылық қарым-қатынас орнатудан бір сәт бөгелген емес.

Олар таяуда  көкірегінде өнерге деген оты бар, сахна төрінен орын алсам дейтін жас дарындар арасында қашықтықтан VІІІ Республикалық «Жадыра, жас дарын!» фестиваль – конкурсына қатысты.

Халқымыздың төл өнерін насихаттау мақсатында өткен бұл додада аталмыш ұжымның шәкірттері жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсақ, «Домбыра-тенор» мамандығының оқушылары Балтабек Ақниет ІІ орынды иеленсе, Каматов Арсен үздік үштікті түйіндеді.

Республикамыздың түкпір-түкпірінен бақ сынаған байқауда «Дәстүрлі ән» мамандығының оқушылары да аянып қалмады. Әсем әнін нақышына келтіріп орындай білген Ақмырза Жанерке екінші орын иеленіп бір қуантса, Тынымғали Әділхан, Көптілеу Жалғас сынды шәкірттер де "үштің өзі - күш",-деп тәлімгерлерін талантымен тәнті етті. Сондай-ақ «Бейнелеу өнері» мамандығының оқушылары Қуанышқызы Айсезім ІІ орын, Жайберген Айша, Өмірәлі Мәлика, Тілеуғали Тұрарбек ІІІ орындарды  иеленді.

Шығармашыл жастарды өнерге баулудағы елеулі еңбегі үшін З.Дюсенова, А.Доспаев, А.Дюсенов, В.Тұрмұхамбетова, Ұ.Селеубаева  конкурс ұйымдастырушыларының арнайы дипломымен марапатталды.

 А.САДЫКОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT