«Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жүзеге асырылатын «Туған елге саяхат» әлеуметтік жобасы аясында 12 күн ішінде балалар Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан, Байқоңыр қалаларындағы танымал мәдени-тарихи орындарға барады.
«Балалар саяхат пойызындағы сапардан көкжиегі кеңейіп, жаңа достар табады, келесі оқу жылына күш-қуат жинап қайтады деген сенімдеміз. Оның үстіне биыл су басқан аймақтарға басымдық беріп отырмыз. Қандай жағдай болсын, біздің міндет – бақытты балалық шақты қамтамасыз ету», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуды мақсат тұтатын жоба арқылы ағымдағы жылы су тасқыны болған өңірлерге басымдық беріліп, көпбалалы және тұрмысы төмен, толық емес отбасылардағы балалар қамтылады. Нәтижесінде табиғи апат болған Атырау облысынан әкімдік ұсынған тізім бойынша 76 бала «Туған елге саяхат» пойызының бақытты жолаушысы атанбақ. Тасқыннан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы балалар да қамтылады. Сондай-ақ, Қор компаниялар тобының шалғай аудандардағы көпбалалы және тұрмысы төмен, толық емес отбасылардағы өндірістік кәсіпорындар қызметкерлерінің балалары ескеріледі.
Саяхаттағы демалыстан басқа, жол бойы мектеп оқушыларымен тәлімгерлер мен педагогтар жұмыс істеп, қызығушылықтары бойынша үйірмелер, зияткерлік және спорттық ойындар ұйымдастырылады. Әлеуметтік жоба екі маусымда өтіп, әр кезеңде 10-15 жас аралығындағы 200 баладан қамтитын болады.