Мақат кентінде «Ұлттық домбыра» күні қарсаңында дүние есігін ашқан нәрестеге қазақтың киелі домбыра аспабы тарту етілді.
Аудандық орталық ауруханада аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күлпаш Алишева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Джумагалиева, аудандық аурухананың акушер-гинекологы Г.Ізтілеуова, акушер З.Карина, аға-медбике Ш.Тағаниязова шілденің алғашқы күні дүниеге келген сәбидің ата-анасын мерекемен құттықтап, домбыра тарту етті.
Сәбидің шыр етіп дүниеге келгендегі алғашқы сыйлығы – домбыра. Қазақтың үні мен жанына айналған домбыра әрбір сәбидің серігіне айналсын. «Бесікте анасының әлдиін тыңдаған сәби есін біле бастағаннан өзіне сыйға берілген домбыраға ерекше құрметпен қарайды деген үміттеміз. Кім біледі, мүмкін олардың арасында күй атасы - Құрманғазының ізбасарлары, атақты ақын немесе қайраткер тұлғасы жатқан шығар» деген ізгі тілегін білдірді К.Алишева.
«Енді бұл домбыраны қастерлеп, төрімізге іліп қоятын боламыз. Ұлттық аспабымызды ұлықтап жатқан ұйымдастырушыларға мың алғыс»,-дейді дәл осы күні сәбилі болған жас ана Э.Булекбаева.
А.ТАУМҰРЫНОВА
Сурет автордікі