Соғыс салған жараны жас ұрпақ ұмытпауға тиіс

Соғыс салған жараны жас ұрпақ ұмытпауға тиіс
(0 Votes)

Өмір мен өлім белдескен отты жылдары жеңіске жеткізген жорық жолдарынан өтіп, туған жердің топырағын қайта басу бұйырған жандардың бірі әкем Ержан Қисамеденов еді. 1925 жылы Нарын құмындағы Мыңтөбе ауылында өмірге келген ол дәуір дағдысына сай төрт сыныптық білім алып, он бір-он екі жасында ұжымшардың қара жұмысына араласады. Он сегізге енді толғанда әскери комиссариатқа шақырылып, Қызыл Армияға ауыр артиллерияның зеңбірек оқтаушысы болып аттанады. Бұл 1943 жылдың наурыз айы екен.

Балтық жағалауындағы Кенигсберг қаласы әу бастан неміс жері екен, бірақ соғыстан соң қарт большевик Михаил Калининнің есімі беріліп, КСРО-ның қарамағына өтеді. Қаланы қақ жара ағып жатқан Неман өзеніндегі ашылып-жабылатын аспалы көпірді фашистер қашқанда ашып кетеді де, соңынан түре қуған кеңес әскерлері өзеннен қайықпен, жүзу білетіндер жүзіп өтіп шығуына тура келген. Жеңілмеу үшін бар күшін салып баққан жау ұшақтары тастаған бомбалар мен зеңбірек оқтарынан көп адам шығын болып, адам қанынан өзен беті қып-қызыл түске боялыпты.

Неміс әскерлері кері шегініп, Қызыл Армия жауынгерлері алға жылжып келе жатқанда Белоруссияның Гродно қаласы мен оған жақын Василевичи, Васильки селолары, оған жалғас Литваның Друскининкай қаласында кескілескен ұрыс болады. Бұл шайқас Эстония, Латвия, Литва жерлерінен тұтасып келіп, Кенигсберг арқылы Польшадан Германия жеріне қарай тұтасып бара жатқан еді. Осы жерлердің бәрі он сегізінде Отан үшін от кешкен әкеміз Ержанның сұрапыл жылдары жүріп өткен жорық жолдары болатын. Отанын басқыншылардан азат ету жолында бойындағы күш-жігері мен жастық жалынын аямай, туған жеріне оралуға тағдыр жазған әкеміздің ерлігі үшін иеленген марапаттары да аз емес.

Тағдырдың жазуы дейміз бе, әлде сәйкестік пе, арада отыз бес жылдай уақыт өткенде маған әкем жүрген жолдармен өтіп шығу жазылыпты. 1978 жылы Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеуге шақырылдым да, Калининград облысының Гвардейск қаласында әскери борышымды өтедім. Екі жылдық әскери қызмет кезінде әскери жүк көлігін жүргізген мен әкемнің майданда болған жерлерінің бәрінде дерлік іссапармен болыппын. Олар әлі күнге дейін есімде: Калининград облысының Гвардейск, Правдинск, Знаменск, Советск, Черняховск, Озерск, Краснознаменск, Литваның Каунас, Кибартай, Латвия астанасы Рига, Белоруссияның Гродно, Друскининкай қалаларына таяу ормандарда жарылған бомба қалдықтары мен олардың жарқыншақтарын, адам сүйектерін кездестіріп қалып жүрдік. Калининград қаласының шет жағында бомбадан қираған үйлер, немістердің тығылған жерасты бункерлері мұражай есебінде әлі күнге дейін сақталған.

Бірақ мен ол кезде бұл жерлерде әкемнің фашистермен соғысқанын мүлдем білген жоқпын. Өйткені, бала кезімізде әкем марқұм соғыс туралы сұрағымызға еш жауап бермей, тек күрсініп қана қоятын. Бір кезде барып:

– Оның несін сұрайсыңдар, сендердің бастарыңа ондай соғысты бермесін, — деп үн-түнсіз отырып қалатын. Бұдан кейін біз де ештеңе сұрамайтынбыз.

Сол сауалымның жауабын тек әскерден оралған соң ғана алдым. Бірде әскер қатарында түскен фотосуреттерім жинақталған альбом әкемнің қолына тиді. Оның соңғы беттеріне қызметтес болған жігіттердің мекен-жайын, өзімде сақталып қалған кейбір іссапар қағаздарын жапсырып тастағанмын. Әкем сол қағаздарда жазылған маршруттарды оқып отырып, біраз толқығаны бар.

– Мына қалалар әлі бар екен ғой!.. — деп, бірнеше қала мен кейбір селоларды сұрады. Әскери әуежайлар болған жерлерді айтып отырды.

Сол жолы ғой, сөзге тұйық әкем Неман өзенінен өткендегі қырғынды қысқаша әңгімелеп бергені. «Соғыста қызық ештеңе жоқ, оны сұрап қайтесіңдер» деп, одан әрі шешіліп әңгіме айтпаған.

Шүкір, сол зұлматтың бәрінен аман өткен әкеміз жеңістен соң төрт жыл ішкі әскер құрамында қызмет қылып, ауылға 1949 жылдың көктемінде бір-ақ оралған. Бейбіт өмірдегі еңбек жолын обаға қарсы күрес станциясында жұмысшы болып бастайды. 1950 жылы қысқа мерзімді шоферлік курсты бітіріп келіп, Новобогаттағы жеңіл өнеркәсіп комбинатында алғашқы шоферлердің бірі болып жұмыс істейді. 1955 жылы сауда саласына ауысып, Новобогат тұтынушылар кооперациясында шофер, автодүкен меңгерушісі, жүргізуші-экспедитор, Чапаев атындағы және «Новобогат» кеңшарлары фермаларының малшы-механизаторларын азық-түлікпен қамтамасыз ету жолында аянбай тер төкті. Еңбегі еленіп, марапаттар да алды. Құрмет грамоталарын иеленіп, 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

1955 жылы анамыз Кәзәлия екеуі шаңырақ көтеріп, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді, анамыз «Алтын алқа» иегері атанды. Бүгінде екеуі де бұл өмірде жоқ. Ұл-қыздарының алды зейнеткер, кейінгілері, немере-жиендері де әр салада еңбек етіп, егемен елдің еңсесін тіктей түсуіне үлестерін қосып жүр.

Міне, әкелеріміздің төккен қанымен, шыққан жанымен, тылдағы елдің ақ-адал маңдай терімен келген Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да таяла түсті. Осынау сәтте «Жеңіс үшін!» деп жауға қарсы ұрандата шапқандардың бел ортасында болған майдангер әкеміздің биыл тірі жүрсе жүз жасқа толарын ескеріп, осы бір шағын естелікті жазуды жөн көрдім.

Бүгінде жарты әлемді шарпыған алапат соғыстың тірі куәгерлері ортамызда жоқ, әкем де 1992 жылы өмірден өтті. Тек бізге ашық аспан, бейбіт өмірді сыйлаған олардың рухтары бар. Сол бір ата-әкелеріміздің ел басына қара бұлт үйірілгенде қолына қару алып, жауына қарсы тұрғаны, елге мұра, ұрпаққа ұран болған ерліктері мәңгі жадымызда жүреді.

Тілектес ҚИСАМЕДЕНОВ,

майдангердің ұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT