Соғыс кезінде Қызылордада поляк мектебі мен балабақшасы жұмыс істеген

Соғыс кезінде Қызылордада поляк мектебі мен балабақшасы жұмыс істеген
Фото: assembly.kz
(0 Votes)

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қазақ жеріне 532,5 мың адам, 50 мыңдай жұмысшы, инженер-техник эвакуацияланған. Сонымен қатар 970 мыңдай поляк пен неміс күштеп көшірілді.

Қызылорда облысына эвакуацияланған кәсіпорындарды өндірістік алаңдармен қамту, майданға қажет өнімдер өндірісі, адамдардың тұрмыстық жағдайын жасау бағытындағы жұмыстар мен кедергілер жөнінде философия ғылымының докторы Дәулет Омаров айтып берді.

Ғалымның сөзіне сүйенсек, 1941 жылы шілдеде Қызылорда облысында эвакуацияланған азаматтарды қабылдау, орналастыру, ыстық тамақпен қамтамасыз ету және дәрігерлік көмек көрсетумен айналысатын облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесі жанынан эвакопунктер құрылды.

Олар теміржол стансалары жанындағы үй-жайларда жұмыс істеді. Эвакуацияланған халықтың есебін алу үшін анықтама бюролары ұйымдастырылды.

 — 9 шілдеде Қызылордаға эвакуацияланғандардың алғашқы легі — 10 мың адам келді. Олардың арасында армян, күрд, неміс, поляк, украин және тағы басқа ұлт өкілдері бар. Келушілерді қабылдау, орналастыру, баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Олар фабрикалар мен зауыттарға жұмысқа жолданып, еңбекке араласып, майдан шебіне көмектесті. Осы жылы сондай-ақ болгар, грек, еврей, кәріс, латыш, орыс, поляк, румын, сыған, серб, татар, чуваш ұлтынан барлығы 30 062 адам келді. Жергілікті партия ұйымдары, атқарушы органдар мен жергілікті тұрғындар эвакуация кезінде балаларға жіті көңіл бөлді. Жер аударылғандар тұрғылықты халықтың үйлеріне, бос үйлерге, кеңселерге орналасты, — деді Дәулет Омаров.

Қазақстанға алғашқылардың бірі болып Батыс Украина шекарасына жақын аймақтардан поляктар мен немістер келіп қоныстанды.

    — Поляктардың бір бөлігі Сыр өңіріне көшірілді. Қызылорда облыстық атқару комитетінің шешімімен 1943 жылы 21 желтоқсанда Қызылорда қаласында поляк балалары үшін поляк тілінде мектеп, 1944 жылы 6 қазанда 60 орындық балабақша ашылды. Арал аудандық атқару комитетінің 1941 жылғы 23 қазандағы кеңейтілген отырысында қоныс аударушыларға арнап мектеп үйлерін мемпароход және әскери күзет мекемелерінде ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Облыстық атқару комитетінің шешімімен 1941 жылдың екінші жартысында Арал ауданына Молдавиядан 40 отбасы, Эстония, Латвия, Литвадан 2486 адам, одан басқа жерден әкелінген 1413 неміс әскери госпитальдарға, «Рыбник» клубына жайғасты, — дейді ол.

Ғалым жер аударылғандардың әуелгі кезде саяси-құқықтық жағдайы өте төмен, олардың арасында өлім-жітім көп болғанын сөз етті.

Оның дәлелі — Қызылорда облысы ішкі істер халық комиссариаты бастығының 1944 жылы 20 маусымда Қазақстан коммунистік партиясы Қызылорда облыстық комитетіне жазған баяндау хаты.

Хатта облысқа қарасты бірнеше ауданда жер аударылғандарға берілген азық-түліктің дұрыс бөлінбегені, оларға көзқарастың немқұрайлы екені көрсетілген.

— Тамақтың жоқтығынан, аштықтан, суықтан өлім етек ала бастаған. Арнайы көшірілгендерді арзан жұмыс күші ретінде ауыл шаруашылығы мен өндіріс орындарының ең ауыр салаларында пайдаланды. Жұмыстың ауыртпалығына қарамастан олар еңбекте жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сыр бойы қазақтары келушілерді сыртқа теппей, қолында барды бөліп берді. Германия неміс басқыншыларынан азат етілгесін бір бөлігі туған жеріне оралды. Кейбір бөлігі қазақ жерінде тұрақтап қалды, — деді Дәулет Омаров.

Айта кетейік, Қызылорда облысының архивінде 1941-1945 жылдар аралығында дала поштасынан келген хаттар сақтаулы.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT