Изаев Қайырқұл 1906 жылы Тайпақ ауданының №13 ауылында (қазіргі Қызылқоға ауданының жері) дүниеге келген. Жас шағынан жергілікті байларға жалданып, жұмыс жасайды. 1922 жылы ауыл мектебінің 4-ші сыныбын бітіреді. 1925 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында Гурьев-Доссор тар табанды теміржолының құрылысында жұмыс жасайды.19 желтоқсандағы Гурьев-Доссор теміржолының пайдалануға берілуіне арналған салтанатты митингіге қатысады. Кейіннен, «Эмбанефть» тресінің құрылыс кеңсесінде еңбек етеді. 1933 жылы трест жанындағы құрылыстардың 3 айлық курсында оқып, десятник мамандығын алады.
1927-1930 жылдары Гурьев-Доссор теміржолында, 1930-1931 жылдары Гурьев балық-құты комбинатында жұмысшы болып жасап, 1937-1939 жылдары Орал қаласындағы
Коммунистік ауыл шаруашылығы мектебінде оқиды. Оқу барысында БКП(б) мүшелігіне қабылданған. Мектепті үздік бітіреді. Гурьев облпарткомы номенклатуралық партия
кадрлары ретінде облыстық партия комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің нұсқаушысы етіп бекітіледі.
1940 жылдың 23 маусымында Бақсай ауданындағы МТС мекемесі директорының орынбасары лауазымына тағайындалады. Кейіннен Мақат ауданына ауысып, Доссор мұнай кәсіпшілігінде кадр бөлімінің бастығы қызметіне орналасады.
Соғыс басталғалы көптеген доссорлықтар майданға аттанып жатты. Изаев Қайырқұл 1942 жылдың көктемінде Мақат аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылады.
Маусым-тамыз айларында Оңтүстік Орал әскери округінде саяси жетекшілер даярлайтын үш айлық курстан өтеді. Осы тұста Дон майданында неміс әскерлерімен қиян-кескі ауыр шайқастар жүргізіп, көп адам шығынына ұшыраған, көп техникасы мен қару-жарағы істен шыққан 21 армияның құрамындағы 293-ші атқыштар дивизиясы Чкалов облысындағы Бузулук қаласында адам күшімен қару-жарақпен толықтырылып жатқан болатын.
Курсты бітірген Қайырқұл Изаев осы дивизияның 1034-полкі құрамына рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Жауынгерлер арасында ұрыс кезіндегі іс-қимылдары және саяси тәрбиелеу жұмыстарын жүргізеді. Полктің толықтырылған құрамында Гурьев облысынан, оның ішінде мақаттық жерлестері де бар болып шықты. Сол қаруластарының көбі, өкінішке қарай майдан даласында қалады.
293 дивизия 1942 жылдың 12-17 қазанында майданға аттандырылады. Алғашында 63-армияның, кейіннен 21-ші армияның құрамына енген дивизия Клет ауданының Староклетск селосы маңында қорғанысқа тұрады. Осы жерде дивизияға оқ-дәрі жеткізіледі, жауынгерлерге қысқы киім беріледі.
Дивизия Бас Штабтың 1942 жылдың күзіне жоспарлаған стратегиялық "Сатурн" құпия шабуылдау операциясы 19 қарашада басталады. Осы операция кезінде 13-ші румын дивизиясына ойсырата соққы беріп, олардың қорғаныс шебін тас-талқан етіп бұзып өтіп, Евстратовское, Иллароновское селоларын жаудан босатады. Қараша айының соңғы күндерінен бастап Вермахтың Фаулюс басқаратын 6-шы армиясының құрамаларын қоршауға алу жоспарын іске асыруға кіріседі.
1943 жылдың 10 қаңтарында қоршаудағы жау тобын жою шаб шабуылдары басталады. Мықты бекіністерінің бірі Дмитриево селосына шабуылдау бастаған 293 дивизия жаудың тегеурінді қарсылығына қарамастан селоға басып кіреді. Осы айқас барысында рота командирі, аға лейтенант Қ.Изаевтың жауынгерлері де ерекше іс-қимылдарымен көрінеді. Рота командирі Қайырқұл Изаев аяғынан ауыр жарақат алды.
Рота осы шайқас барысында жаудың 40-тан астам солдаты мен офицерінің көзін жойып, 130-ға жуық солдатын тұтқындаған, көп мөлшерде оқ-дәрілерін, 15-шақты автокөлігін, 50 пулеметі мен 70 винтовкасын қолға түсірген.
Аға лейтенант №1732 эвакогоспиталында алты айға жуық емделген соң соғыс мүгедегі ретінде әскер қатарынан запасқа шығарылып, 23.07.43 ж. еліне қайтарылған. Қ.Изаев 1945 жылы "2-ші дәрежелі Отан соғысы" орденімен, "Германияны жеңгені үшін","Сталинградты қорғағаны үшін" медальдарымен марапатталған.
Елге оралған соң 1943 жылдан 1947 жылға дейін Гурьев қаласындағы «Ембімұнайқұрылыс» тресінде еңбек етеді. 1947 жылы «Комсомол» кәсіпшілігіне парторг қызметіне жіберген. Осы жерде мұнайшылардың тұрмыс, тұрғын үй, әлеуметтік жағдайларының жақсаруына мол үлес қосады.
1952 жылы Мақат аудандық партия комитетінің нұсқаушысы лауазымына тағайындалады. Кейіннен Доссордағы құрылыс басқармасында, мамандығы бойынша, Доссор кәсіпшілігі коммуналлық шаруашылық бөлімінің басшысы қызметінде абыройлы еңбек етеді. Отбасылы болған. Зайыбы Сағима екеуінен өрбіген жалғыз қызы Күләш тұрмыста, үбірлі-шүбірлі. Майдангер әкесінен естігендерін әрдайым айтып еске алып отырады. Абзал әке 1983 жылы дүниеден өткен.
О.ДЕҢГЕЛБАЕВ,
өлкетанушы, ауданның Құрметті азаматы