Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында 17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жөнінде қаралғаны белгілі.
Ал, біздің облыстағы шешімді облыс әкімі Махамбет Досмұхаметовтің тікелей басшылығымен қабылданғаны белгілі.
Бір жақсысы, күні бүгін вирустың беті қайтып қалды. Күнделікті ақпарат көздерінен ол жөнінде білген кезде қуанып қаламыз. Дегенмен, вирустың жасаған «ойранынан» соң халық етек-жеңін жинап, бұрынғыдай топталуды қысқартты.
Қатаң режим халықтың денсаулығы үшін қабылданғанын жақсы білеміз. Арқаны кеңге салып, бұрынғыша той-жиын өткізуге әлі ерте екені де аян.
Егер бұған дейін сауда орталықтарында дәріханалар мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істесе, дүйсенбіден бастап сауда орталықтарында бутиктерде де жұмыс істей алады. Сондай-ақ, сауда желілері мен ашық базарлар жұмыс істей бастайды. Сұлулық салондарының, сұлулық орталықтарының жұмысына рұқсат беріліп отыр. Бірақ, бұл нысандардың барлығына қатаң талаптар қойылып отыр. Яғни, шектеулер әлі бар.
Бәрі де орнымен. Өйткені алдыңғы лектегідей халқымыз тағы ауырып қалса, одан асқан қасірет бола қоймас. Үкіметтің қабылдаған шешімі сынақтан аман алып шығу екенін халық ұғынып отыр.
Ерғазы ЖОЛАМАНОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы