Хиуаз Қайырқызы Доспанова – 1922 жылдың мамыр айының 15-інде Атырау (Гурьев) облысы Ганюшкино ауылында дүниеге келген. Ол тұңғыш ұшқыш қазақ қызы.
Орал қаласының орта мектебінде оқып жүрген нәзік жанды Хиуаз ұшқыш болғанда армандаған екен. Осылай ой-қиялдың жетегінде жүрген дарынды да, ер жүрек қыз ақыры дегеніне жетеді. 1940 жылы мектепті үздік деген бағамен бітіріп қана қоймай, запастағы ұшқыш деген куәлігін қоса ала шығады. Ол өзін болашақ ұшқыш болатындығына сенімі нығайып, оқудан соң тура Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болған оның алғашқы қадамы сәтсіз болды. Жалындаған жас қыз Мәскеудің бірінші медициналық институтына тапсырып, оқуға түсіп кетеді. Оқып жүрген кезде қазақтың кішкентай қызы озат және қатарының алды болады. Оқуымен қоса гимнастикамен де шұғылданып, қоғамдық өмірге де белсене атсалысты. Енді ғана студенттік өмірдің қызығына көре бастағанда, Соғыс деген сұм шырқын бұзған болатын. Жазғы сессиясыны бітіріп, жазғы демалысқа шығатын кезі еді . Отаны мен елінің басына қара бұлт шалғанда бірге оқыған құрбы-құрдастарымен Мәскеу қорғанысын қамтамасыз ету жұмыстарына атсалысады. Алдымен олар «Метрострой» жүйесінде болып, кейіннен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің қарамағына өтеді. 1941 жылдың қыркүйегінде Мәскеудің оқу орындарында жаңа оқу жылының басталған еді. Ал ол өзінің қатарлас жастармен бірге Отанды жаудан қорғау үшін майданға аттанып медбике немесе санитар болсам деп, үміттеніп жүрген. Сол уақытта Хиуаз әйгілі Марина Раскованың қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын ести сала, бұл ол үшін жақсы мүмкіндік еді. Осылай қазақтың нәзік қызына полк басшылығы алғашында сенімсіздікпен қараса да жауынгерлер құрамына қабылдайды. Саратов қаласының әскери әуе училищесіне жібереді, онда штурмандар даярлайтын арнайы курсты аяқтады. Біздің қайсар қыз 1942 жылдың көктемінде авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанып кеткен болатын. Біздің қаһарман апамыздың ерліктері туралы қалдырылған жазба деректер сүйенсек, қызмет еткен полк Оңтүстік майданда, яғни Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия әуедегі шайқастарға қатысыпты. Соғыс кезінде авиациядағы штурманның атқаратын рөлі ерекше еді. Аспандағы ұшақты алдын - ала барлап жау құрамаларының дәл төбесіне әкеліп бомбалау керек. Сол сияқты егерде ұшаққа жау тарапынан шабуыл жасалатын болса, әуе шайқасын да жүргізеді. Сондай-ақ экипаж командирі жараланып немесе өлетін болса, штурман өзі отырған жерінен ұшақты да басқарумен қатар, шайқасты да жалғастыра беретін. Осындай міндетті қазақтың қаршадай қызы абыроймен, тіпті асқан шеберлікпен атқара білген еді . Хиуаз апамыз 300-ден астам маңызды тапсырмаларды орындап, оттың ортасында тәжірбие жинап, шынығып ширай бастаған. Осы туралы Кеңес одағының батыры, эскадрилья командирі Марина Чечнева өзінің «Қарулас құрбыларым менің» деген кітабында «Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын»,- деп Хиуаздың шеберлігін жазған болатын. Біздің тұңғыш ұшқыш батыр апамыз үкіметтің көптеген жоғары наградаларын алған. Бірінші алған «Гвардиялық» деген атағы болса, артынан «Тамань», Қызыл Ту, Суворов ордендері берілді. Авиаполк қызметкерлерінің жазып қалдырған деректері бойынша, соғыс кезінде алған қатты жарақаттың салдарынан Хиуазды алғашында қаруластары өлді деп ойлаған. Ал оның шалажансар күйде жатқандығын біреулер байқап қалып, 6 айдан кейін ғана айығып шыққан. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін батыр қыз «Қызыл Жұлдыз», «II дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Кавказды азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарын иеленіп, әскери атағы аға лейтенант шеніне дейін өскен. 1945 жылы Кеңес әскері Берлинді азат етіп, ұлы Жеңіске жеткен соң Мемлекеттік Қорғаныс комитеті қыз-келіншектер авиаполкін бірінші болып таратады. Ал бұл кезде екінші топтағы мүгедек Хиуаз медицина институтына келіп оқуын жалғастырмақ болады. Алайда ол сол кездері өзінің ерлік істерімен, іскерлігімен Орал облыстық комитетінің бірінші хатшысы Мінайдар Салинннің көзіне түсіп, Хиуаз облыстағы обкомның нұсқаушысы болып қызмет етеді. Одан кейін 1956 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебіне жіберіліп, сол кезден бастап, оның ел басқару ісіндегі қырына жол ашылады. Сөйтіп, ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы қызметін атқарады. «Хиуаз Қайырқызы биік адамгершілік қасиеті мен ортасындағы беделі, іске өте жауапкершілікпен қарайтын, бірбеткей мінезі мен турашыл жан болған»- деген екен бірге қызметтес болған Зейнолла Мұқашұлы. Бұл қызметтен жоғарылап, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы, содан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ғылым және мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарған.КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланған. Ал зейнетке шығар алдында Алматы қалалық партия комитетінің хатшылығы қызметін атқарған. «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова сұрапыл соғысқа Отаны үшін соғысып, бейбіт күнде елі үшін еңбек еткен 2008 жылдың мамыр айының 20-сы күні өмірден озды.
Нәзік жанды болса да, қазақтың тұңғыш ұшқыш, батыр қызы жау оғына кеудесін тосып, жауға қарсы соғысқан, Отаны үшін жанын құрбан етуге дайын болған Хиуаз апамыздың есімі ел есінде, ержүрек батырлығы мәңгілік жанымызда сақталады.
Дайындаған-Бақыт СЫДЫҚОВА