Қаһарман қыз хақындағы құнды деректер

Қаһарман қыз хақындағы құнды деректер
(0 Votes)

1985 жылы Жеңістің 40 жылдығы, Әлия Молдағұлованың 60 жылдығы қарсаңында Ақтөбе қаласында ашылған батыр қыздың мемориалдық музейі зерттеуші Айша Өтеулинаға аса қымбат. Ол осы жылдан бастап, бұл мекемені 1998 жылға дейін басқарды. Аз уақыт ішінде батырлықтың тамаша үлгісін көрсетіп қаза тапқан Әлиямен бірге тағдыры соғысқа байланған басқа да қыршындардың өмірдерегі түгенделді.

Куәлік – батырлық белгісі

20 жылға жетпес өмір сүрген қазақтың батыр қызы туралы талай кітап шығып, деректі фильм, кинофильм түсірілсе де, басты сұраққа жауап таба алмай жүрген сияқтымыз. Бәлкім, Әлия тағдырынан аштық пен қуғын-сүргіннен көз ашпаған жыл­дардың ызғары, жастық шақтарын соғыс жалмап, майдан даласында ажал құш­қан, 1920–1924 жылдары дүниеге келген ұрпақтың елесін іздеп жүргеніміз болар... Айша Әлішқызы да Әлияны өзінше іздеді.

1980 жылы Черкасск пединститутын біті­ріп келген жас Айша қаланың ескі бө­лі­гінде енді құрылып жатқан Әлия Молдағұлова музейіне ғылыми қызметкер болып жұмыс­қа кірді. Бұл кезде ештеңе жинал­маған, қол­дарында облыстық музейден әкелін­­ген Әлияның суреті мен Кеңес Одағының батыры атағы жазылған куәлік қана болды. Содан әскери комиссариат арқылы Әлия Молдағұлованың қаруластарын іздестіру бас­талды. Бұларға жазушы Сейілхан Асқаров пен Сағын Тойтанбаевтың жинаған материал­дары көп көмегін тигізді.

Әлия Молдағұлова. Ленинград. Балалар үйі

50-жылдары Әлияның әкесі Нұр­мұхамед Сарқұловқа облыс басшылары қызының соғыс майданында ерлікпен қаза тапқанын естіртіп, Кеңес Одағы батыры атағы берілгенін айтып үйіне келеді. Сол жылдары қаза тапқан жауынгерлерге «Алтын Жұлдыз» медалі мен Ленин ордені берілмейді екен. Біртіндеп марқұмның Мәскеу, Ленинградтағы балалық шағы, мергендер мектебі, ерлік жолдары тура­лы деректер жинала бастады. Каспий теңізіндегі «Әлия Молдағұлова» теп­лоходы мен Ярославльдегі Вятск мек­те­бінің макеті, Әлияны бейнелейтін Нартовтың гобелені тоқылып, Өмірзақ Шанов мүсіні музейге алынды. Музей қорын толықтыру мақсатында Айша Әлішқызы арнайы тапсырыспен батыр қыздың ерлігін бейнелейтін картиналарды суретшілер – Мұхит Калимов, Әнуар Өтеген-Тана, Сағынтай Әлімбетов, Марат Бекеев, Таймас Телеуішов және Корватқа салғызды.

Іздеу отряды қалай құрылды?

1988 жылы музей жанынан Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болып, жерленбей қалған боздақтарды анықтау мақсатында «Әлия» іздестіру тобы құрылды. Оған ақтөбелік жастар көмекке келді. Топқа Құдайберген Жумиев жетекшілік етті. Сол жылдары Ресейдегі іздеу отрядтарына қазба жүргізетін орындар бөліп берілді де, олар тапқан жа­уынгерлер сүйектері қайта жерленетін. Ақтөбелік іздеу отрядына Новгород облысынан орын бөлініп берілді. Сол жылы сәуірдің соңында он шақты бала аттанып, орман ішінде палатка құрып тұрды. Батпақты, орманды жерді қазу қиын. Қазып жатқанда жауынгердің барлық мәліметі жазылатын медальон тапса, үлкен олжа саналады. Жауынгер туралы барлық мәлімет жазылатын көлемі қаламсаптың жартысындай, бұралып ашылатын эбанитті медальондар өте сирек жағдайда ғана табылды. Соғыста жаман ырымға санағандықтан, көбінесе жауынгерлер медальонды лақтырып тас­тайды екен. Іздеу отрядының жігіттері Новгородтан Кемеров облысынан шақырылған жауынгердің медальонын тауып әкелгенде, музей мамандары сұрау салу арқылы Ресейден туыстарын тапты. Іздеушілер Әлия музейіне кеңес, неміс жауынгерлерінің каскасын, атылған оқтарды, байланыс өткізгіштерін, тіпті немістердің үнпарағын алып келді. Фрицтердің ине-жіп, түймелер, қырынатын құралы салынған өртенбейтін материалдан жасалған жеке гигиеналық қорабы да табылды. Отряд құрамы үнемі жаңарып тұрды. Кейінірек милиция есебінде тұрған, тәрбиесі қиын балаларды да қосты. Олар қазба жұ­мыс­тарынан оралғанда ақылы толысып, бұзықтықты қойып келетін. Алғашқы қазба жұмыстарын оператор Ю.Зубков түсіріп алып келді. Бұл жұмыс тоқтаған емес. Жыл сайын сәуір айында отряд қазба жұмыстарына аттанады.

Мұнымен бір кезде «Әлия» қыздар патриоттық клубы ашылып, оған ең бірінші болып қаладағы медицина училищесінің студенттері шақырылды. Себебі сол кезде мектеп оқушыларын тарту қиындау болды. Алғашқы құрам үлкен қызығушылықпен кірісіп, клубтың ұранын, мүшелік билетін ойлап тапты, ату тирінде көздеп атудан шеберліктерін шыңдады. Қыздар экскурсия жүргізуді үйреніп, Әлияның ерлік жолдарын зерттеуге қатысты. Майдангер, ауған-интернационалист жауынгерлерімен байланыста болды. Олардың бірі Әлия Қалменова медицина саласында жоғары білім алып, ғылымға бет бұрса, Белла Майсурадзе қалалық стадионда спортшылар медбикесі болып жұмыс істеді, Света Демиденко – бүгінде тіс дәрігері.  Әлі күнге дейін Әлия музейінде жастарға патриоттық тәрбие беруде осындай өміршең жобалар іске асып келеді. 1994 жылы 14 қаңтарда «Батыр қыздың ерлігіне – 50 жыл» атты еске алу іс-шарасы ұйымдастырылып, А.Әлішқызының бас­тамасымен ас беріліп, құран бағышталды.

Батырдың туыстары

Әлияның әкесі Нұрмұхамед ақсақал Қобда ауданында тұрып, сол жерде дүниеден өтті. Ол кісінің кейінгі әйелінен туған Әліп пен Тәжен, Әлияның нағашысы Бейсембай Хабиев музейге жиі соғып тұрған. Шағын денелі, ұқыпты Бейсембай ағай соғыс жылдары әскери прокуратура саласында жұмыс істеген. Ол кісінің үлкен қызы Раиса деректер жинауға көп көмектесті. Айша Әлішқызы Әбубәкір Молдағұловтың Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде тұратын бірінші әйелі Сән Молдағұлованы іздеп барды. Шұбарқұдық мәдениет үйінде Сән әжеймен кездесу өтті, «Әлия» туралы деректі фильм көрсетілді. Екі сөзінің бірін «айналайыннан» бастайтын әже жиналғандарға қайынсіңлілері Әлия мен Сапураны кішкентайынан шашын өріп, көйлегін тігіп беріп өсіргенін, 1941 жылдың жазында Сапура мен үш сәбиін Ленинградтан қалай елге жеткізгені тура­лы әңгімеледі. 1938 жылдары Әбубәкір Молдағұлов Мәскеудегі әскери-көлік академиясына оқуға жіберілгенде, елден анасы Тәжікен, жиені Әлия мен туған қарындасы Сапураны бірге алып кеткен. Әлия №35 мектепте оқиды. 1938 жылы академия Ленинградқа көшірілгенде, Молдағұловтар отбасы да қоныс аударады. Отбасы жағдайына байланысты Әлия Гурдин көшесі, №16 үйдегі мектеп-интернатына орналасып, туыстарымен қарым-қатынасын үзбеген. 1941 жылы соғыс басталар алдында Әбубәкір Ташкентке іссапарға жіберілгенде, бала-шағасы Ленинградта қалып, әскери қызметкер отбасына берілетін паекпен өмір сүрген. Мамырда Сапарды босанып, үйге оралған Сән сәби есімін қоюды сұрап, Сапура мен Әлияны Әбубәкірге телеграмма жіберуге жұмсайды. Көп кешікпей «Ұзақ сапарда жүргенімде дүниеге келді, есімі – Сапар болсын» деген жауап келген. Жазғы демалыс кезі. Әлия көбіне­ үйде. Арасында балалар үйіндегі балаларды да ертіп келетін. Пысық әрі өжет Әлия жас босанған жеңгесіне көмегін көп тигізді. 1941 жылы тамызда жау қалаға таяп келгенде, әскери комиссариаттан елге эвакуацияға жиналу туралы хабарлама түсіп, құжаттар мен қол жүгін алуға ғана рұқсат етілген.

Әлия Молдағұлова. Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге. Жаз

Тамызда Ленинград қорғанысына балалар да жұмылдырылған. Әлия бала­лар үйінің тәрбиеленушілерімен көп­қабатты үйлердің шатырына түскен снаряд жарқыншақтары қалдықтарын жинап, шелектегі суға сөндіріп жүреді. Хабар келген бойы Сән жолға жиналып, вокзалға барайын деп жатқанда, 15 жастағы Әлия «қалада қаламын» деп табандап тұрып алады. Сән «Жағдай мынау. Елге қайтайық» деп жылайды. Тыңдамайды. Бесеуін вагонға отырғызып, перронда тұрған Әлияның бейнесі әл көз алдында қалды: «Қозғалып кеткенше терезеден қарап тұрдым. Біз кеттік, ол қалып бара­ды. Сол сәтте біреу жүрегімді жұлып алғандай болды», дейді қаһарлы күндерді еске алған Сән әжей. Бірнеше күн жүріп, Ақтөбеге әзер жетеді.

Комбриг Уральский мен комбат Моисеев

1942 жылдың наурызында балалар үйі Ярославль облысы Вятск селосына көшірілді. Рыбинск ұшқыштар техникумында үш ай оқыған Әлия әскерге сұранып, арыз жазғанда, оны желтоқсанда мергендер мектебіне оқуға жіберді. Батыр қыз – Орталық әйелдер мергендер мектебінің алғашқы түлектерінің бірі. Бұл жерде жарты жыл оқып, баллистика, топография, атуға дайындық, тактикамен бірге окоп қазу, қолма-қол ұрыс тәсілдерін меңгеріп, сынақ тапсырған соң 1943 жылы маусымда Балтық майданындағы 54-дербес атқыштар бригадасына келді. Бригада командирі Николай Уральский еді. Николай Матвеевич зейнетке шық­қан соң Владимир облысы Александров қаласында тұрып, 1978 жылы 72 жасында дүниеден озды. 60-жылдары Әлияның туған жері Қобдаға келіп кетті.

Айша Әлішқызы Александров қаласындағы Уральскийдің үйіне де барды. Ол кісінің жесірі Роза Ивановна қарт командир бос уақытын үйінің ауласындағы «аквариум» деп атап кеткен, майдан штабы сияқты ағаштан қиып салдырып, төбесін әйнектеткен орында өткізгенін айтады. Айша Өтеулина майдан құжаттары, карталар, фотосуреттер үйіліп жатқан «аквариумде» екі күн отырып, екі қағаз қапшықпен пойызға мінді. Осы құжаттар арқылы Әлияның біраз қаруласы табылды. Содан кейін жиналған материалдар негізінде музейде «Соңғы шайқас» диорамасын жасақтау үшін батальон командирі Федор Моисеевті іздеп, Фрунзе (Бішкек) қаласына жолға шықты. «Хрущев» үйлерінің бірінде тұратын майдангердің пәтерінің есігін қағып «Қазақстаннан, Лияның туған жерінен келдім», деп сәлемдеседі. «Ақсаңдап келіп, маған есік ашқан қарт осы сөзді айтқанымда, кілт тұрып қалды. Бірер минут үнсіздіктен соң ол екі қолымен бетін басып, «Пусть казахский народ простит меня за то, что я не уберег Алию» деп жылады. Әйелі жайған дастарқан басында ұзақ әңгімелестік. Қаншама жыл өтсе де, мергеннің ерлігін ұмытпаған екен. Әлия 1944 жылдың 14 қаңтарында Новосокольники ауданы Казачиха деревнясын азат ету кезінде қаза тапқаны белгілі. Федор Ивановичтің айтуынша, мергендер қай жерге көмек керек болса, сол жерге жіберілген. 18-23 жастағы қыздар майданда ер адамдармен бірдей соғысып, майдан шебіндегі жағдайға қарап бейімделген. Көбіне бос қалған ғимараттарда жатқан. Төсектері – үстіне шөп төселген ағаш бөрене, арқада – ауыр винтовка, аяқтарында – ер адамдарға лайықталған керзі етік. Онысы үлкен болғандықтан, бірнеше шұлғау орап киген. Окоптарын өздері қазған, жасырынатын атыс ұяларын өздері таңдаған. Қолма-қол ұрысты меңгерген. Тапсырмаға екі мерген бірге аттанған: бірі нысана көздесе, екіншісі дүрбімен бақылау жүргізеді. Әлияның серігі – Надежда Матвеева. Мергендер атыс ұясында 7-8 сағат тапжылмастан жау мергенін, офицерін торуылдайды. Майданға басын қатерге тігіп барған соң ептілік, қырағылық, батылдық керек. Сыртынан өзін аңдып отырған жаудың әккі мергендері, барлаушылары тағы бар. Сондықтан да позицияда жатып, ұзақ күтуге тура келеді. Қалай болса, солай оқ атуға болмайды. Мергенді өз жағынан да сыртынан дүрбімен бақылап тұрады. Жаудың қанша адамын өлтіргенін сосын журналға тіркейді.

Орталық әйел мергендер мектебін 1943–1944 жылдары бітірген 2 мыңнан аса қыздың ішінен екі Кеңес Одағының батыры шықты. Әлия ерлікпен қаза тапқанда, ең жоғары марапатқа батальон командирі Моисеев пен бригада командирі Сухоребров ұсынды. Федор Ивановичтің айтуынша, қаңтарда арғы жағы Балтық бойына жалғасатын теміржол желілері бойынша Новосокольники ауданында бірнеше күн шайқас болды. Қарсылас көпір, тасжолдар өткелдеріне орнатқан қорғаныс нүктелерінен атып, бас көтертпеді. Бірнеше күн бойы омбы қар, қатты аязда кеңес әскері алға жылжи алмайды. Ауыр жараланған батальон командирі саптан шығып қалады. Басқарусыз қалған жауынгерлер кейін шегіне бастағанда Әлия бірнеше рет шабуылды бастап шыққан. Шайқас кезінде неміс траншея­сына алғаш болып еніп, ерлікпен қаза тапқан.

Айша Әлішқызы 1983 жылы Әйел мергендер мектебінің Мәскеуде өткен 40 жылдық кездесуіне барды. Сол жерде Әлиямен бірге шайқасқан барлаушы По­ляков пен әйелі Зинаида Попова, Лидия Бакиеева мен Валентина Яковлева арқылы біраз ардагермен танысып, артынан соғыс естеліктерін жинау үшін кездесті.

Жорық жолдарымен...

Жеті адамнан тұратын экспедиция мүшелері Әлия Молдағұлованың майдан жолдарымен жүріп, Мәскеу – Ленинград – Псков – Казачиха – Монаковоға барып, батыр рухына тағзым етті. Псков облысы, Новосокольники ауданы Каза­чиха деревнясындағы бауырластар зиратындағы Әлия бейітіне туған жердің топырағы салынды. Сол сәт әлі көз алдында. Жаз айы. Ну орман. Бауырластар зиратындағы мүлгіген тыныштықты құстардың шиқылдаған даусы ғана бұзып тұр. Екі қатар ұзын плиталар жалғасып кете береді. Бәрі де – Казачиха үшін шайқаста қаза тапқан жауынгерлер. Оң жағында плитада «Здесь похоронена славная дочь казахского народа, Герой Советского Союза Алия Нурмухамедовна Молдагулова (1925–1944)» деп жазылған.

«Новосокольники іргесіндегі кіші Удрай өзенінің биік жарқабағында тұрған Әлияның еңселі ескерткішіне бардық. Музей мен мектепте кездесу өткіздік. Шайқас орындарында шөп өсіп кетсе де, траншеялар орны сақталған. Кейбірі әлі де терең екен. Немістің қорғаныс бекіністері, ДОТ-тарының жартылай қираған орындары да сақталыпты. Соғыс өткен жердің адамдары мейірімді, қарапайым келеді ғой. Казачиха тұрғындарына домбырадан күй тарттық, ән айттық. Осы сапарда оператор түсірген таспаларды «Әлия» музейіне тапсырдым. Тәжірибеміздің аздығынан біраз дүниені қолға түсіре алмадық. Оның үстіне алдымыздан кез келген есік ашыла бермеді. Архивке кіру де оңай болмады», дейді музей ардагері.

Қобда ауданында Әлияның 1995 жылы 70 жылдығын тойлағанда, оның көзі тірі қаруластары, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигельдинов, қаламгерлер  Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Алтыншаш Жағанова, өнер қайраткерлері Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева, Әлияның туыстарынан Сән әже балаларымен, Сапура қыздарымен келді, Бейсембай Хабиевтің балалары қатысты. Мерекені ұйымдастыруға сол кездегі облыстық әскери комиссариат басшысы Қажымұқан Сәтенов көп көмектесті. Осындай бейнетті де жауапты жұмыстың басы-қасында қырық жылға жуық уақыт бойы Айша Өтеулина жүрді. Ол – еңбегін сатып ешкімге міндетсімейтін қарапайым жан. Бірақ Екінші дүние­жүзілік соғыстың батырларының есім­дерін тірілтіп, жастарға патриоттық тәрбие берудегі ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағалануы керек қой. Ол кісі музейден зейнетке де елеусіз кетті. Еңбегі бар еді деп басшылық та ескермеді. Ешкімнің алдына алақан жайып бармайтын музей ардагері үнемі ысырылып қала береді. Осы жағы өкінішті.

Ақтөбе облысы 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT