Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов Манжерок қаласында (Алтай Республикасы) өткен бірінші Халықаралық экологиялық конференцияда сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Олжас Бектенов экологиялық қауіпсіздік әлемдік «жасыл» күн тәртібінің бір бөлігі ғана емес, кез келген елдің орнықты дамуы үшін маңызды шарт екенін атап өтті.
Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар жүйелі түрде қабылданады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде ол ауқымды экологиялық қозғалысқа және қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. Табиғатқа, туған жерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бұл бастама аясында табиғи аумақтарды, су қоймаларының жағалауларын тазарту және ағаш отырғызу бойынша экоакциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Сондай-ақ, Үкімет экологиялық заңнаманы жаңғыртуда, табиғат қорғау саласына озық технологияларды енгізуде, экологиялық бақылауды цифрландыруда. Биоалуантүрлілікті қорғау қоры құрылуда, ерекше қорғалатын аумақтар желісі дамытылуда, тоғай бұғысы, құлан, арқар, қарақұйрық және қар барысы сияқты сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің популяциясы қалпына келтірілуде. Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын реинтродукциялау жұмыстары жүргізілуде.
@KZgovernment