Мұнай дәуірін АЭС алмастырады...

(0 Votes)

 Мемлекет басшысының Жолдауында энергия тапшылығын жою үшін елімізде АЭС салу қажеттігі айтылды. Бүгінде ғылым мен техника дамыған заман. Жыл өткен сайын өркениеттің жаңа жетістіктері өмірімізге екпіндеп енуде. Игілігін көріп те отырмыз.

Бірақ, солардың дені электр энергиясына тәуелді. Қарапайым ғана жанар-жағармай бекеті автоматының өзі онсыз жұмыс істемейді. Желіде ақау болып, энергия көзінен ажыраса, қашан қосылғанша күтіп тұрасыз. Жағармайды көлікке шелекпен құя алмайсыз, солай емес пе? Үйіңіз газбен жылытылғанымен жарық өшіп қалса құбыр бойымен су айдайтын насос тоқтап, бөлмелер суый бастайды. Ал, халық тұтанатын тауарларды өндіретін ондаған кәсіпорындар, зауыттар мен фабрикалар, коммуналдық қызметтер күніне қаншама энергия қажет ететінін көзге елестетіп қараңыз. Түнімен самаладай жарық шашып тұратын көше жарықтары бар. Олар өшіп қалса не болмақ? Қалалар мен ауылдар өскен сайын олардың сұранысын қамту да қиындай түседі. Әрі көмірмен жұмыс жасайтын электр стансаларының мұржаларынан шыққан түтін ауамызды да бүлдіріп жатыр. Президентіміз Жолдауында: «Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек», дейді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатқан жаңа Қазақстанда АЭС салу халықтың талқысына түсіп отыр. Кеңес Одағы кезінде Семей, Азғыр полигондарын салғанда қалың бұқарамен ешкім санаспады. Нәтижесінде зардабын шектік. АЭС жиі сынақ өтіп жататын полигон емес. Әрине, атом электр стансасы дегенде, көз алдымызға Чернобыль апаты келетіні айдан анық. Бірақ, одан бері қырық жылға жуықтады ғой. Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп жатқанда, атом саласында ештеңе өзгермей, бәрі солай қалмаған шығар. Мысалы, осыдан отыз жыл бұрынғы автокөлікпен, қазіргілерін салыстырып қарайық. Айырмашылығы жер мен көктей. Ғалымдардың пайымдауынша қазіргі заманауи атом электр стансаларын салғанда бұған дейін жіберілген қателіктер қайталанбайды. Бәрі ескеріліп, қауіпсіздік толықтай сақталады. Жалпы, атом энергиясы сарқылмас қуат көзі екенінен хабардармыз. Оны неге ел игілігіне қолданбасқа?! «Темірді қызған кезде соқ», деп халқымыз айтқандай, АЭС салу мүмкіндігі туындап тұрғанда пайдаланып қалғанымыз дұрыс. Қазақстанның өзендері көршілес елдерден бастау алатындықтан, ерте ме, кеш пе бізге қосымша энергия көзін іздеу қажеттігі туындайды. Сол себепті АЭС салуды қолдаймын.

Бекбергенов ҚАМЗА,

“Атырау жарық” Құрманғазы аудандық электр жүйесінің электромонтері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT