Мақаттық теміржолшылар династиясы «Үздік еңбек әулеті» атанды

(0 Votes)
Темір жол саласында 418 жыл қызмет еткен Мырзағалиевтер әулеті республикалық байқаудың өңірлік кезеңінде жүлдегер атанды. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік әріптестік және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Қалыш Садықова мәлім етті деп, хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысында «Еңбек жолы-2022» конкурсының жеңімпаздары анықталды. Республикалық байқаудың өңірлік кезеңіне қатысуға 37 адам өтінім берген. Олар «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша іріктелді.
 
-Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның шешімімен жеңімпаздар белгілі болды. «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Мақат ауданынан Мырзағалиевтер әулеті, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша Жылыой ауданынан Аманқос Тұңғышбай, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Мақат ауданынан Жұмабай Абдулов анықталды, деді Қ.Садықова.
 
Енді жеңімпаздардың құжаттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданады. Соңғы алты жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан конкурстың республикалық деңгейінен атыраулық жұмыскерлер жүлдемен оралып жүр. Атап айтқанда 2016 жылы «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Аралбековтер әулеті, 2018 жылы «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша Айбек Тұрсынбек, 2019 жылы «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Жұмағалиевтер әулеті жеңімпаз атанған болатын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521