НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпара – ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Есжан Біртанов еліміздегі инфляция деңгейіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету - Ұлттық банктің негізгі басым міндеті болып қалуда. 2019-2021 жылдарға инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз ауқымында белгіленген. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 5,3 пайыз деңгейде болды. Жеміс пен көкөніс бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан, дефляциялық процестер байқалмады. Азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 9,1 пайызға өсіп, инфляцияға барынша көп үлес қосуын жалғастыруда», - деді Е.Біртанов Парламент Сенатында республикалық бюджетке қатысты заң жобасының таныстырылымында.
Оның сөзіне қарағанда, бюджеттік әлеуметтік шығыстардың өсуі негізгі проинфляциялық фактор болып табылады. Оның инфляцияға қосқан үлесі 0,5 пайыздық тармаққа бағаланады. Басқа факторлардың ішінде азық-түлікке әлемдік бағаның жоғарылауын, іскерлік белсенділіктің өсуін және төлем балансының ағымдағы шотының нашарлауын атап өтуге болады.
«Біздің бағалауымызша, инфляция ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша нысаналы дәліздің жоғары шекарасына жақын – 5,7-5,8 пайыз деңгейінде қалыптасатын болады. Инфляция бойынша мақсатты бағдарға қол жеткізу және теңгелік активтерге сұранысты арттыру үшін 9 қыркүйекте Ұлттық банк базалық ставканы 9-дан 9,25 пайызға дейін көтерді», - деді ҰБ төрағасының орынбасары.
ҚазАқпарат
Сурет: ашық дереккөзден