Ғылым – тәуекелі жоғары инвестиция

Ғылым – тәуекелі жоғары инвестиция
(0 Votes)

Қазір әлемде қалыптасқан жағдай технологиялардың тиімді трансфертін өз жағдайымызға бейімдеуді қажет етіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды, білімді жастарды қолдау мемлекеттік стратегияның басым бағыттарының біріне айналып отырғанын үнемі назарда ұстап келеді. 

Кейінгі жылдары ғы­лымға бөлінетін қар­жы көлемі артып, ға­лымдарды қол­дауға көп көңіл бөлініп жатыр. Былтырдың өзінде бұл бағытта бірқатар маңызды мәселе оң шешімін тапты.

Біріншіден, «Ғылым және технологиялар туралы» жаңа заң қабылдануы ғылымның әлеуетін арттырумен қатар технологиялық егемендігімізді қамтамасыз етуге ықпал етті. Ғылымға бөлінетін қаражат бірнеше есе өсіп, қоғамда ғалымдарға деген зор сенім ұялады. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы ғалым-математик, ака­демик Асқар Жұмаділдаевқа берілді. Ел ғалымдарының бір­қатары халықаралық деңгейде мойындалып, әлемдік маңызы бар ғылыми жетістіктерге қол жеткізді.

Екіншіден, Президент жанын­дағы Ұлттық ғылым академия­сы жаңа мәртебеге ие болды. Алғашқы академиктер сайланды. ҰҒА ғылыми ойдың орталығы ретінде ғылымның негізгі бағыттарын әзірлеуде стра­тегиялық шешімдер қабыл­дап, ғылыми нәтижелерді қоғам мен мемлекеттің игілігіне пайдалануда бағыт-бағдар беріп, өңірлік ғылымға көңіл бөліне бастады.

Үшіншіден, ҰҒА жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Жас ғалымдардың құқықта­рын қорғау, мүдделерін қоғам­ға жеткізу, кәсіби мансабына қолдау көрсету және пән­аралық әрі халықаралық ынты­мақтастықты дамытуды мақ­­сат ететін Жас ғалымдар кеңе­­сі өзекті мәселелерді шешу­ге белсенді араласып, алғаш рет жас ғалымдардың бірінші кон­гресі өтті. Мемлекеттен жас ға­лым­дарға әлеуметтік қолдау көр­сетілді.

Дей тұрғанмен, ғылымда шұғыл шешуді қажет ететін өзекті мәселелер бар. Былтыр бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландырулар өз уақытысында басталмай, ғылыми жобалардың уақыты қысқарды. Ғалымдарға жыл сайын, яғни екі рет қатарынан жоба жетекшісі ретінде гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысуға шектеу қойылды. Ол ғылыми топ­тардың дамуына теріс әсерін тигізіп, әсіресе талантты жас ғалымдардың әлеуетін тежейтіні анық. Сонымен қатар «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы байқауының регламенті бұзы­лып, комиссияның қоры­тынды отырысында конкурс ере­жесіне сәйкес емес шешім кө­терілді. Нәтижелердің ашық балл ранжир тізімі жарияланбай, бір­қатар ғалымдар адал ең­бе­­гінің жемісін көре алмады. Мұ­ны­мен қоса ғылыми қауым­дас­­тық ғылым саласында бюро­кра­­тиялық сал­мақты күшейтетін нор­­ма­тивтік-құқықтық актілер­дің кө­бейіп жатқандығын сезініп отыр.

«Көш жүре түзеледі» демекші, осы және басқа да кемшіліктерді биыл болдырмаған жөн. Ол үшін тиісті заң шеңберінде ғылымдардың құқығын қор­ғайтын арнайы омбудсмен лауазымын бекітіп, ғылымды бас­қару саясатында дебюрократиза­ция үрдісін жалғастыру керек. Ғалымдарда ғылыми және ака­демиялық еркіндік болуға тиіс. Омбудсмен бүгінде басқа салаларда оң тәжірбиесін беріп жатыр, сондықтан дер кезінде қабылданғаны абзал.

Ғылым – тәуекелі жоғары инвестиция. «Ғылым» мен «технология» мазмұнын шатастыру­ға болмайды. Осы ретте «Ғылым экономиканың дамуына үлес қосуы керек» деген пікірді жиі естиміз. Керісінше, технология­лар экономикаға қызмет етсе, ғылым шындықты іздеуге және әлемді тануға мүмкіндік береді.

Ел ғылымы алдында жаңа технологияларды игеру міндеті тұр. Жасанды интеллект өмірдің барлық саласына дендеп ене бас­тады. Адамзат Айға қайта жол тартып, обырға қарсы вакцина тың нәтиже береді деп үміттеніп отырмыз. Бұл бағытта ғалымдар­дың әлеуетін арттыра алсақ, ел ғылымы жаңа табысқа қол жеткізері анық.

Мақсат ЖАБАҒИН,

Ұлттық құрылтай мүшесі, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT