АЭС – болашақ энергия көзі. Десек те еліміздегі энергетиканың проблемасын бірден шешіп тастайды дегенім емес. Елде АЭС, көмір, газ, су секілді әртарапты энергетика көзі болу керек. Мүмкін келешекте бір емес бірнеше АЭС салуға жағдай туар.
Байқап көрсек АЭС-ті бай елдер сала алады. Айталық, Франция, Жапония, Қытай, АҚШ, Бельгия секілді елдер салды. АЭС-ті саларда оның 3-4 қауіпсіздік жүйесі тексеріледі. МАГАТЭ ұйымы қадағалайды. АЭС құрылысы үшін суды пайдалану Балқаш көліне айтарлықтай әсер етпейді. Рас, біз Семей полигонының зардабын көрген елміз. Алайда бейбіт атомның игілігін халқымыз көру керек деп есептеймін. АЭС құрылысы кемінде он жылға жалғасады. Сондықтан кешікпей шешім қабылдау керек. Сондай-ақ, қазір АЭС-тің құрылысын қай елдің мамандары жүргізетіні талқыға түсіп жатқаны мәлім. Менің ойымша қайсысы ең сенімді соны таңдауымыз қажет. Халықтың арасында баламалы энергия көздері арзан деген пікірлер бар. Мен оған келіспеймін. Олардың қуаттылығы 20 пайыздан аспайды. Күндіз бар да түнде жоқ. Ол үшін аккумулятор салу қажет, ал оның бағасы қымбат.
Сондықтан мұның барлығы АЭС-пен қатар дамуы қажет. Елімізде кейбіреулер айтқандай газдың қоры да көп емес. Оның да бағасы көтеріліп жатыр. АЭС пайдалануға берілген соң өзінің құнын өтеп, 80-90 жылға дейін жұмыс істер еді.
Серік ТҮЙТЕБАЕВ,
энергетика саласының сарапшысы