Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

(0 Votes)

Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек ретінде биылғы жылдың алғашқы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі 16 ақпан күні өтті.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Ашық әкімдік» ғимаратында өткізілген жәрмеңкеге 100-ге жуық тұрғын қатысты. Оның ішінде төрт жұмыс іздеуші  аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған  азаматтар.

jarmenkee-3

Олар жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен еркін сұхбат құрып, сұрақтарына жауап алып, түйіндемелерін тапсырды.

Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге жұмыс беруші «Сичим С.п.А» Казахстан», «Сенімді Құрылыс» ЖШС, «Консолидейтед Инжиниринг & Прокьюремент С.А.Л.-Офшор», аудандық білім беру және аудандық полиция бөлімдері қатысты.

Жұмыс берушілердің сұранысына сүйенсек ауданда сегіз мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жетіспейді. Сондай-ақ, биология, математика, бастауыш сынып және дефектолог, логопед мамандары да тапшы. Ал, Мақат балалар өнер мектебі  домбыра-тенор, күйсандық, дауыс қою пәндері оқытушыларын қажет етеді.

jumys-orynn

Аудандық полиция бөлімі де біраз жылдан бері кадр тапшылығын сезініп келеді. Бұл саладан жәрмеңкеге 21 бос лаузым ұсынылды. Атап айтсақ, әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, кезекші бөлімшесінің жедел кезекшісі, кезекші инспектор, жедел кезекші көмекшісі, учаскелік полиция инспекторлар тобының аға инспекторы, учаскелік полиция инспекторы, анықтау тобының анықтаушы, уақытша ұстау изоляторының бастығы, уақытша ұстау изоляторының кезекшісі, уақытша ұстау изоляторының жүргізуші полицейі, уақытша ұстау изоляторының айдауыл полицейі, ақпараттандыру және байланыс тобының технигі, ғимарат күзету тобының полицейі, жол-патрульдік қызметі мамандарына сұраныс жоғары.

jarmenkee-4

Жәрмеңке барысында «Сенімді Құрылыс» ЖШС және «Консолидейтед Инжиниринг & Прокьюремент С.А.Л.-Офшор» кемі екі-үш жыл еңбек өтілін талап етіп, вахталық әдіспен техникалық мамандықтарға сұраныс білдірді. Ал, «Сичим С.п.А» Казахстан» сегіз сағаттық жұмыс әдісімен жұмыс күшін іздеді.

jarmenkee-2

Бұл жолғы жәрмеңке кезінде жұмыс іздеуші 92 азаматтың түйіндемесі қабылданды. Ендігі нәтижесі он күннің ішінде белгілі болмақ.

Айта кетейік, қазіргі таңда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыссыз 632 тұрғын тіркелген.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT