Атырауда зираттар туралы деректер ортақ базаға енгізілуде

(0 Votes)

Бұл туралы бүгін Атырау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «QAMQOR-SHARAPАТ» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы мәлімдеді.

Бұл туралы спикер «QAMQOR-SHARAРАТ» салттық қызмет көрсету орталығының қызметін цифрландыру атты Атырау қаласында өткен семинарда хабарлады. «Осыдан біраз уақыт бұрын «Зират және зиярат мәдениеті» атты құжат қабылданған болатын. Мүфтиятқа қарасты Ғұламалар кеңесі қабылдаған құжат аясында 2020 жылдан бері бірқатар жұмыстар атқарылды. 2024 жылдың басынан бастап, цифрландыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Ондағы мақсат – қайтыс болған адамдардың аты-жөнін базаға енгізу, зираттар туралы деректерді орталықтандыру. Бұл жұмыс алға қарай нәтижесін береді. Соңғы кездері ата-бабаларының қайда жерленгенін білмей, іздеу салып жатқан ұрпақтар бар. Зираттар базасын құру осындай іздеу жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Және бұл қызметті еліміздегі ғана емес, шет мемлекеттердегі азаматтар да қолдана алады. Жылдың аяғына дейін еліміздегі барлық облыс орталықтарындағы зираттарды цифрландыру жоспарда. Келесі жылдан бастап, аудандарды қолға аламыз. Атырау облысы салттық қызмет көрсету орталығының қызметін толықтай цифрландыру бағытында жұмыстар атқарылып жатқан 12-ші аймақ.

Сондай ақ, зират үшін бөлінетін жер көлемінің де алдағы уақытта реттілігін сақтау жоспарланып отыр. Заң бойынша, марқұмға 6 шаршы метр жер тегін берілуі керек. Яғни, зират сол көлемнен аспауы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, қайтыс болған кісіге қажетті құжаттарды да алға қарай бір терезе аясында рәсімдеуді қарастырудамыз» деп атап өтті спикер Мейрамбек Қабылбекұлы. Еске сала кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен құрылған «QAMQOR-SHARAPАТ» салттық қызмет көрсету орталығының мақсаты – жаназа және жерлеу рәсімдерінің шариғатқа сай жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Жерлеу рәсімі – қайтыс болған кісіні жер қойнына беру ғана емес, шариғатымыздағы ережелерді сақтай отырып, ысырапшылдықтан тыйылу. Мысалы, қабірге белгі ретінде зәулім күмбез тұрғызу міндетті емес.

Одан гөрі марқұмға бағыштап, жиі Құран оқып тұрған сауап. Қазіргі уақытта аталған орталықтың бастамасымен зираттардың орналасу тәртібін реттеу, қабірлерді біріздендіру әрі марқұм туралы деректерді ортақ базаға жинақтау бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT