Атырауда мемлекеттік Ту көтерілді

(0 Votes)

Республика күні Мемлекеттік Әнұран шырқалып, Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, мұнайлы мекен тұрғындары мен қонақтарын ұлттық мерекемен құттықтады.

-Бүгін Қазақстанның бар түкпірінде еркіндіктің жалауындай осынау қуанышты күн тойланып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен араға ұзақ жылдар салып қайта оралған бұл күннің өз тарихи мәні зор.Ел еркіндігін алған отыз жылдан астам уақыт ішінде ана тіліміз, төл тарихымыз, әлеуметтік-саяси-экономикалық және рухани құндылықтарымыз қайта тұғырына мінді. Жалпақ әлемге «Мен қазақпын» деп жар салған кешегі Жұбан ақындардың жыр жолдарындағыдай жарқын дәуір орнады. Келешек ұрпақтың алдағы күндерге апаратын басты мұрасы, бабалар арманы — Тәуелсіздік. Сол азаттықты сақтау үшін, халықтың сенімін нығайту үшін ең басты фактор — бейбітшілік пен келісім. Кез келген ұлы идеялар бейбіт кезеңде жүзеге асады. Атырау өлкесі батырлар мен ақындардың, күйшілердің атамекені азаттық жылдары айрықша жаңғырды. Өздеріңіз білесіздер, асты мен үсті бірдей қазынаға толы мұнайлы өлкеміздің осыдан отыз жыл бұрынғы келбеті қандай еді? Қазір қандай? Дүние бір күнде өзгермейді. Халқымыз «Қырық жылда қазан жаңа, елу жылда ел жаңа» деген сөзді тегін айтпаған. Осы жылдар ішінде біз ел ретінде үлкен даму сатыларынан өттік. Экономикада, мәдениетте, спортта алуан биіктерді бағындырдық. Жаһан алдында өзіңді мойындатудың жалғыз жолы — білім мен ғылым екенін Президентіміз баса айтып отыр. Жастарымыз ғылымның соңғы жетістіктерін меңгерсе — қуаныш, ал сол білімін туған Отанының пайдасына жаратса — ол мақтаныш. Бүгінгідей мерекелер, ұлттық атаулы даталар патриоттық сезімдерді қалыптастырады, өткеніңмен қауыштырады. Ардақты жерлестер! Республика күні құтты болсын! — деген Серік Шәпкенов бейбітшілік пен береке-бірлік тіледі. Шара барысында облыстың көркемөнерпаздары Атырау жұртына мерекелік ән-шашуларын арнады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT