АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕРДІҢ КӨРУ ҚАБІЛЕТІ БОЙЫНША МҮГЕДЕКТІГІ ТӨМЕНДЕУДЕ

АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕРДІҢ КӨРУ ҚАБІЛЕТІ БОЙЫНША МҮГЕДЕКТІГІ ТӨМЕНДЕУДЕ
(0 Votes)

 Бұл облыстық перинаталдық орталықтың арнайы диагностикалық жабдықтармен жабдықталуының арқасында мүмкін болды. Жобаны «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры іске асырды. Жыл басынан бері ерте офтальмологиялық диагностика ретинопатия бойынша қауіп тобындағы шала туған 65 нәрестеге жүргізілді және олар қайтымсыз соқырлықтан құтқарылды.

ТШО бас менеджерінің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі орынбасары Хэймиш Полс: «Өкінішке орай, соңғы жылдары балалардың денсаулығына ертерек бақылау жасау қажеттілігі үрдісі байқалады. Біз аурулардың алдын алуға бағытталған жобаларды қолдауға қуаныштымыз. Біздің AYALA қорымен ынтымақтастығымыз аурухана дәрігерлеріне жаңа туған нәрестелердің көру қабілеті бойынша мүгедектігі қаупін азайтып, көптеген отбасыларға үміт сыйлайды деп үміттенемін" деді.

«Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы орталығы» Облыстық перинаталдық орталықта 2024 жылдың ақпанында жұмыс істей бастады. Жыл сайын бұл медициналық орталыққа жүктіліктің күрделенген ағымымен облыстың түкпір-түкпірінен мыңдаған болашақ аналар келеді. Барлық мерзімінен бұрын босанулар осы жерде қабылданады, соның ішінде облыстың шалғай аудан орталықтарынан санитарлық авиация арқылы пациенттер тасымалданады.

«Біздің орталықта жыл сайын 9600 бала дүниеге келеді, олардың мыңға жуығы – дене салмағы өте төмен шала туған нәрестелер. Олар үшін ерте офтальмологиялық скрининг өткізу – көру қабілеті бойынша мүгедектіктен сақтауға кепілдік береді. Көз торы жүктіліктің соңғы апталарында қалыптасады, сондықтан ретинопатия - бұл шала туған нәрестелердің көру бойынша жиі кездесетін патологиясы. Біз «Теңізшевройл» компаниясына біздің Ретинопатия орталығын заманауи ретиналды камерамен және офтальмологтың жұмысына қажетті басқа да диагностикалық құралдармен жабдықтауға көмектескені үшін алғыс айтамыз. Енді бізде жаңа туған нәрестелерге тез әрі дәл диагностика жүргізу және туылғаннан кейінгі алғашқы апталарда олардың көзін құтқару үшін барлық жағдай жасалған», - деп атап өтті Атырау қаласындағы Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қазбек Айжарықұлы Ермағамбетов.

FORUS NEO ретиналды камерасы (Үндістан) офтальмолог дәрігерге тіпті реанимация жағдайында да және жаңа туған нәрестені ӨЖЖ аппаратына қосқан кезде де баланы диагностикалауға мүмкіндік береді – басқа аппараттарда мұндай мүмкіндік жоқ. Камераны пайдалану оңай және онда кішкентай пациенттер туралы барлық ақпаратты, олардағы ретинопатияны диагностикалаудың фото және бейне құжаттарын сақтай отырып, ноутбукпен біріктіріледі. Бұл жабдық Қазақстанның тоғыз перинаталдық орталығында табысты жұмыс істеуде.

«Шала туған нәрестелерде ретинопатия өте тез жүреді. Сырқаттың күрт дамитын түрлерінде дәрігерде көз торына лазерлік коагуляция жүргізу үшін 24 сағаттан 72 сағатқа дейін уақыт болады. Өкінішке қарай, дәл осындай түрлері Қазақстанда кеңінен таралған. Біздің жабдық дәрігерге осы патологияны алғашқы диагностикалауға көмектеседі. Сонымен қатар ол ата-аналарға көз торындағы өзгерістерді көруге және емдеу кезінде нәтижені бақылауға мүмкіндік береді. Ретиналды камераға, ретиноскоптарға және қабақ кеңейткіштер жиынтығына қосымша біздің қор шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуде қолданылатын «Луцентис» препаратының тағы 17 құтысын Облыстық перинаталдық орталыққа тапсырды. Біз биылғы жылы Атырау облысында шала туған балалардың көру қабілеті бойынша мүгедектігін төмендетуде тамаша нәтижелерге қол жеткізгенімізге қуаныштымыз", - деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

AYALA қайырымдылық қоры «Әлемді көремін» жобасын үш жылдан бері жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде қор қазақстандық офтальмолог дәрігерлерге Қазақстанның 22 перинаталдық және ғылыми орталықтарында 10 мыңнан астам шала туған сәбилерді диагностикалауға көмектесіп, оларды 31 бірлік диагностикалық және лазерлік жабдықтармен, «Луцентис» препаратының 158 құтысымен қамтамасыз етті. AYALA қорының жабдықтарында ретинопатия бойынша тәуекел санатындағы шала туған балалардың 100% скринингпен қамтамасыз етілді, ал Қазақстан ауқымында ретинопатиядан көру қабілеті бойынша мүгедектік 0,6 пайызға дейін төмендеді.

2011 жылдан бастап AYALA қоры Атырау облысының төрт медициналық мекемесін 64 миллион теңгеден астам сомаға балалардың туғаннан бастап мүгедектігін азайту және ерте неонаталдық өлімді болдырмауға арналған жабдықтармен жарақтандыруға көмектесті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT