2022 жылғы 15 ақпанда Алматыда Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің кеден және салық қызметтерінің үшжақты кездесуі өтті. Кездесу тақырыбы үш елдің салық және кеден қызметтерінің іс-қимылдарын тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мәселелері болды.
Келіссөздер делегациясын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқарды. «Соңғы уақытта ЕАЭО нарығында қытай тауарларының "сұр" айналымының ұлғаю үрдісі байқалуда. Мұндай үрдіс біздің елдеріміздің үкіметтері тарапынан тиісті назарсыз қала алмайды», — деп атап өтті Б. Сұлтанов.
Ол «сұр» импорттың ұлғаюына алып келетін сын-тегеуріндерге: бюджетке салықтардың толық түспеуіне, одақ нарықтарына контрафактілік, сапасыз және кейде қауіпсіз емес өнімдерді әкелуге назар аударды. «Бұл фактор өзара саудадағы бәсекелестік нарықтың дамуына теріс әсер етеді, бұл сайып келгенде экономиканың жекелеген сезімтал салаларының дамуына қауіп төндіреді», — деп түйіндеді Б. Сұлтанов.
Қырғызстаннан келіссөздерге кеден және салық қызметтерінің бірінші басшылары қатысты. Қырғыз делегациясын Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошев басқарды. Ресей тарапынан қаржы министрінің орынбасары, статс-хатшы Алексей Сазанов бастаған кеден және салық қызметтерінің басшылығы қатысты.
Кездесу аясында сарапшылар деңгейіндегі тараптардың отырысы және делегация басшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамдағы кеңес өтті. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Ресей Қаржы министрліктері деңгейіндегі өзара уағдаластықтарды іске асыру бойынша қосымша шараларды әзірлей отырып, өткен жылғы кездесудің қорытындыларын талқылады. Қазақстан, Қырғызстан және Ресей арасында ақпарат алмасу мәселелері қаралды. Тараптар өзара іс-қимыл процесін ұйымдастыру үш елдің көлеңкелі экономикасымен күрес жөніндегі өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Күн тәртібіндегі тармақтардың бірі өзара саудада өткізілетін тауарлар бойынша тауарға ілеспе құжаттарда құнды дұрыс көрсету проблемасын талқылау болды. Тараптар тәуекелі жоғары экспорттаушылардың санаттарын айқындай отырып, осы мәселені неғұрлым терең пысықтау және олармен нақты жұмыс істеу қажеттігін қолдады. Сондай-ақ келіссөздер барысында Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің фискалдық және құқық қорғау органдарының қатысуымен алдағы жылға үшжақты өзара іс-қимылды жолға қою туралы уағдаласты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру кеден-салық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға оң серпін беретінін, бұл жалпы біздің елдеріміздің экономикасына оң әсер ететінін атап өтті.