Елімізде әлеуметтік саясатты жүргізу мақсатында ауқымды жобалар атқарылуда.
Соның бірі жастарға, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған ел тұрғындарын қолдауға бағытталған – «Zhas Project» жобасы. Биыл ауданымыздың жастары да аталмыш жобаға қатысып, белсенділік танытқан болатын. Нәтижесінде ауданнан жолданған 66 жобаның 28-і жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздардың қатарында Нигметов Гүлнара мен Каримова Гүлмираның жобасы да бар. Олар қайтарымсыз миллион қаражатына «Айналайын көзіңнен» атты кірпік өсіру курсын ашты.
Шілде айында жұмысын бастаған олар бірінші транш қаражатын толыққанды игерген. Нәтижесі де жаман емес. Осы уақытқа дейін 30 адамды «кірпік жалғау» кәсібіне оқытып үлгерген. Жалпы алты ай ішінде 50 адамды оқытуды жоспарлап отыр. Олардың оқыту ұзақтығы 4 күннен 5 сағатқа созылады.
Кейін қатысушылар сертификатпен мамандандырылып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз қыз-келіншектер және көп балалы аналар кірпік жалғау курсына тегін қатысып, өздерінің білімдерін шыңдаса, ал, жастар кәсіпкерлік дағдыларын дамытуда.
М.Ізтұрғанова