АЭС: түйткіл мен түйін

АЭС: түйткіл мен түйін
(0 Votes)

Ауданда ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Кең Жылой» газеті редакциясының ұйымдастыруымен «АЭС: түйткіл мен түйін» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Аудандық балалар кітапханасында өткен жиынға қоғам белсенділері, ардегерлер, мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Атом электр станциясын салу еліміздің келешегі үшін маңызды шешім. Мұндай сәтте мұқым елдің пікірі аса маңызды екенін Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында : «Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек»,-деп анық жеткізген болатын.

Мемлекет басшысы референдум күнін белгілегеннен кейін, қоғамда АЭС туралы қызу талқы жүріп жатқаны жасырын емес. Қоғамда қолдау білдірген де, керісінше қарсы болып керағар пікір білдіріп жүргендер де жетерлік. Пікірлер таласын дөңгелек үстел басында шешкен аудан тұрғындары ойларын ашық айтып, көкейіндегісін бүкпесіз жеткізді.

Алғашқы сөз тізгінін мемлекеттік қызмет ардагері Сайлауғали Кенжеғалиев алып:

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші кыркүйек күні өзінің жолдауында атом электр станциясын салу жөнінде ұсыныс білдіріп, халыққа жария етті. Бұл мәселе 6 қазан күні жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін айтып, қаулыға қол қойды. Содан бері «Аманат» партиясы жанынан халықтық штаб құрылып, оған барлық партия өкілдері қатысып, мекемелерді, оқу орындарын аралап, халықпен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өз көзқарасым бойынша АЭС салуға қарсы емеспін. Мамандығым құрылысшы болғанымен, электр жарығы жөнінде хабарым бар. Менің түсінігім бойынша жарық көзінен ешкімге тәуелді болмауымыз керек. Дүние жүзінде 40-қа жуық мемлекетте 440 атом электр станциясы бар екен. Бір ғана Францияда 23 АЭС бар. Егер елімізде бұл жоба оң шешімін тапса, болжам бойынша оның салынуы 12-13 жылды құрайды. Құрылыс басталса 10 000-ға жуық адам іске кірісіп, құрылыс аяқталғаннан кейін 2000-3000 адам тұрақты жұмысқа орналасады,-деп өз пікірін білдірді.

Жиын барысында ақын, журналист Бүркіт Базарбаев та өз пікірін ортаға салып:

-Халық басшысының бұл жобасы дұрыс. Алайда бұны түсіндіру жұмыстарына уақыт беру керек еді. Біз дайындалып, ой-пікірімізді түйіндеп, халықты үйретуіміз қажет. Атом электр станциясын салуға мен қарсы емеспін. Бірақ оны кім салатыны, қалай салынатыны маңызды болып тұр. Сондықтан елімізді сыйласақ, мемлекетімізді құрметтесек, жаңа технологияға ұмтылуымыз керек деп ойлаймын. Әйтпесе, халық жақсылыққа қарсы емес. Қазақ халқының да бақытты ғұмыр кешетін уақыты болу керек қой,- дейді.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған дөңгелек үстел барысында орамды ойлар да, сүбелі сөздер де айтылды. Әр адам өзінің пайымымен 6 қазан күні дауысын берсе, оң шешім осы болар еді. Елдің болашағы шешілер уақытта ел-жұртымыз қапы қалып қоймауы тиіс.

Диана Ізбасарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT