Көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында Атыраудағы әскери бөлімі Түркістан және Алматы облыстарынан келген 100 жас сарбазбен толықты.
Әскери бөлімге келген жас сарбаздар алдымен коронавирустық инфекцияға ПТР тест тапсырып, карантинге оқшауланды. Олар бір ай бойына алғашқы әскери дайындық бағдарламасын меңгеретін болады.
- Бөлімшеде жас сарбаздар үшін барлық жағдай жасалған, казарма қоры дайындалған, жиын өткізетін де орындар бар. Тәжірибелі офицерлер мен сержанттар сарбаздарға әскери істің негіздерін үйретіп қана қоймай, оларға жаңа ортаға бейімделуге көмектеседі, - дейді рота командирі капитан Нұрбек Айтқалиев.
Жаңадан келген сарбаздарды бәрі де әскерге өз еркімен келген. Әрқайсысынан ерекше ынта-жігер байқалады. Әсіресе, Түркістан облысынан келген Жасұлан Батрашев бірінші күннен ерекше көзге түсті.
- Міндетті әскери қызметке барамын дегенде, ата-анам еш қарсы болған жоқ, керісінше қолдады. Қызметтің алғашқы күнінен бастап маған офицерлер мен сержанттардың жас сарбаздарға және олардың қызметіне деген көзқарасы ұнады. Бізге тәртіп пен әскери істі барынша түсіндіруде. Біз күнделікті әскери өмірге біртіндеп үйреніп жатырмыз. Сонымен қоса, сарбаздардың асханасы да жақсы екен, тағамдары да ерекше , - дейді Жасұлан.
Алдағы уақытта жас сарбаздар өз Отанының толыққанды қорғаушысы атану үшін салтанатты жағдайда өтетін Әскери ант қабылдау рәсіміне қатысады. Сол үшін олар әскери нұсқаулық пен әдістемелік сабақтардан өтуге, дайындықты бастап кетті.
ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі