Электр қуаты – өмірдің өзегі

(0 Votes)

Еліміздің әр өңірінде тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп жүрген жұмысшы мамандық иелері – қоғамның көрінбейтін тірегі. Солардың бірі – электр энергети­касы саласында еңбек етіп жүрген мамандар. Осы саладағы жұмыс барысы мен кадр мәселесі туралы «Атырау Жарық» ЖШС-нің Махам­бет аудандық электр желісі басшысы Исатай Мұханбеталиев әңгімелеп берді.

-«Атырау-Жарық» ЖШС-нің негізгі қызмет бағыты – Атырау облысы аумағындағы электр энергиясын беру және таратуды қамтамасыз ету. Махамбет аудандық электр желісі – осы құрылымның бір бөлігі ретінде 7 ауылдық округтің тұрғындарын, әлеуметтік нысандарын және өндірістік мекемелерін тұрақты әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда 6390 жеке және 497 заңды тұтынушыға қызмет көрсетудеміз,– дейді И.Қамиұлы.

Энергетика саласының үздіксіз жұмыс істеуі – ел тыныштығы мен халықтың жайлы өмір сүруінің кепілі. Осыған орай ме­кеме тозығы жеткен желілерді жаңарту, автоматтандырылған есептеу жүйесін енгізу және апаттық жағдайлардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстарды қолға алып отыр.

- Қазіргі таңда ауданымыз­да штаттық жұмысшылар қарастырылмаған. Электр желілеріндегі техникалық ақауларды жою мақсатында барлық жұмысшылар «Атырау-Жарық» ЖШС-нің орталық құрылымдарынан уақытша жіберіліп отырады. Алай­да болашақта жергілікті жерден білікті мамандарды тарту – басты мақсатымыз. Электр энергетика­сы – қауіп-қатері жоғары сала. Сондықтан мұндағы мамандардан тек техникалық сауаттылық емес, жоғары жауапкершілік пен тәртіп те талап етіледі. Бұл салада жұмыс істеу үшін ең алдымен мұқияттылық пен физикалық төзімділік қажет. Электрмен жұмыс – адамның өміріне тікелей әсер ететін жұмыс. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау – басты міндет. Сонымен қатар цифрлық тех­нологиялар мен автоматтандырылған жүйелерді меңгеру – қазіргі заман маманының басты артықшылығы, – дейді мекеме басшысы.

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама – қоғамда еңбек адамының мәртебесін арттырып, жастарды нақты кәсіпке бет бұрғызудың тиімді жолы.

– «Жұмысшы мамандықтар жылын» атап өту – өте орынды әрі маңызды шешім. Қоғамда еңбек адамына деген құрмет ар­тып, әсіресе ауылдық жерлердегі жұмысшы мамандықтарына оң көзқарас қалыптасады. Өндіріс пен инфрақұрылым салаларында еңбек ететін мамандар ел дамуына зор үлес қосып келеді. Сондықтан мұндай бастамалар – болашаққа салынған инвестиция, – дейді ол.

Ел ішінде үздіксіз жарық беріп, мыңдаған тұтынушының тұрмысын қамтамасыз етіп отырған электр мамандары – қоғамның нағыз қайраткерлері. Олардың еңбегі бағалауға тұрарлық. «Атырау- Жарық» ЖШС қызметкерлері күн-түн демей жарықты үздіксіз жеткізу үшін тер төгуде. Қиындыққа қарамай, боран мен шілдеде сым бойлап, ақауларды қалпына келтіретін электромонтерлердің қызметі – ерлікпен пара-пар. Мұндай адамдардың тәжірибесі мен көзқарасы жастарға бағыт-бағдар бо­лып, еңбекке деген сүйіспеншілікті қалыптастырады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Махамбет ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT