Атырау тұрғыны қылмысты ашуға көмектесті

(0 Votes)

Атырау тұрғыны ұрлық қылмысын ашуға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыстан келген Әлібек Жақсығалиев көршісінің ауласында жүрген бөтен екеуді көреді. Аулада жүргендердің бірі терезеге тас лақтырып, үйде ешкім жоқ екенін білген соң екіншісі ауладан секіріп, ішке кіреді.

«Дереу көршіме қоңырау шалдым. Олар қонаққа кеткен екен. «Полицияға хабарлайын ба?» деп сұрадым да, жалма-жан «102»-ге телефон соқтым. Полиция аз уақыттың ішінде келіп жетті. Бірі ауланың сыртында қалды да, екінші полицей ауланың сырт жағымен ішке кірді», -дейді оқиға куәгері Ә.Жақсығалиев.

«Батыс-25» экипажының қызметкерлері Ришат Жамелов пен Самат Меңдіғалиев оқиға орнынан қашқан 2 күдіктіні қуып жету үшін біраз жүгірді.

«Бізді көрген ауладағы 2 адам қолдарындағы алтын бұйымды лақтырды да, қаша жөнелді. Әріптесім Самат автокөлікпен ізіне түсті. Мен қара жолмен артынан қудым. Көмекке «Батыс-24» экипажы келіп, аумақты қоршау арқылы оларды ұстадық», - деп баяндады оқиғаны патруль полициясының инспекторы Ришат Жамелов.

Департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев Әлібекті жеке қабылдап, қылмыстың алдын алуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

«ҚР ІІМ жасақтаған «Көрші бақылауы» бағдарламасы қылмыстың ашылуына көп септігін тигізіп отыр. Полицияға дер кезінде түскен қоңырау қылмыспен күрестің тиімділігін арттырады. Қырағылық танытқаныңыз үшін рахмет», - деген департамент бастығы Әлібек Жақсығалиевке алғыс хат табыс етті.

Сонымен қатар, полиция полковнигі Әлібекке қоғамдық көмекші болуға ұсыныс жасады.

Айта кетелік, жыл басынан бері облыста консьерждердің көмегімен 8 қылмыс ашылып, 200-ден астам құқықбұзушылық анықталған.

Материал ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521