2023 жылдан бастап 5G желісі Қазақстанның барлық облыс орталығында іске қосылады. Бұл туралы бүгін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.
«5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестиция көлемі үлкен болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында енгізу жоспарланып отыр», - деді министр мәжілістегі үкімет сағатында.
Айтуынша, 2021 жылдың соңына дейін елордадағы Назарбаев университеті мен «ЭКСПО» кешенінде, ал 2022 жылы әуежай мен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясы іске қосылмақ.
«Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс орталығында енгізу жұмыстары жүргізіледі», - деді Жұмағалиев.
Дереккөз: Sputniknews.kz