Атырау қаласында жаппай жүгіруден 2020 жылдың алғашқы марафоны өтті. Ал, қысқы «ICE RACE» марафоны осы қыс мезгілінде екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Ауа райы қолайсыздығына қарамастан, марафонға 400-ге жуық желаяқ қатысып, бой сергітті. Қатысушылар «Ретро парк» алаңынан бастап, Жайық жағасымен орталық көпірге дейін айналып жүгіріп өтті. Ауданымыздан марафонға төрт желаяқ қатысып, өздерінің белсенділіктерін танытты.
![]()
Қорытынды бойынша Парасат Құлмұханов ІІ орын, Аманжол Құлсариев V орыннан көрінді. Ал, Баршамұрат Амантаев 15-ші және Мейірбек Қабдолла 20-шы болып мәре сызығын кесті. Жарысқа қатысушылардың барлығы медаль, диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
«Енді сәуір айында өтетін осы жылдың ең үлкен спорттық іс-шарасы «ІV Қайырымдылық марафонына» қатысып, жақсы көрсеткіш көрсетуге жұмыстанып жатырмыз. Дайындығымыз жаман емес. Аудан жастарын да салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық жаппай жүгірумен шұғылдануға шақырамыз»,- дейді спортшылар.
М.ІЗТҰРҒАНОВА



