“ӨНЕРГЕ АДАЛ БОЛУ КЕРЕК…”

(0 Votes)

 МӘДЕНИЕТ – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ӨЗЕГІ, ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ АЙНАСЫ. ОСЫ САЛАНЫҢ ДАМУЫНА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСЫП ЖҮРГЕН ЖАНДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН. ОЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ҚЫЗМЕТІ КӨЗГЕ КӨП КӨРІНБЕГЕНІМЕН, ЕЛДІҢ РУХАНИ ӨМІРІНДЕ МАҢЫЗЫ ЗОР. ОСЫ БІР ТҰСТА АУДАНЫМЫЗДЫҢ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА ЕҢБЕК ЕТІП, ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН КЕЙІПКЕРІМІЗ РАУШАН ӘЛИЕВАМЕН «МАМАНМЕН БІР КҮН» АЙДАРЫН ӨТКІЗБЕКПІЗ.

 Сағат тілі 09:00-ді соққанда Латиф Шахатов атындағы орта мектебіне беттеген кейіпкеріміз жұмыс күнін мектепалды даярлық тобында ән сабағын өткізумен бастады. Сабақ барысында ұстаздың әр балаға өздігінше жағдай танытқанын көріп, балалардың да әнге деген қызығушылығын байқадық. Ән айтылып, сабақ уақыты зымырай өте шыққанын да байқамай қалыппыз. Сабақтарын тәмамдаған соң кейіпкерімізбен бірге мәдениет ошағына жол тарттық. Жол бойында оның өмір тарихы жөнінде әңгімелестік. «Мен 1980 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келдім. Халел Досмұхамедов атындағы орта мектебін тәмамдадым. Өнерге деген, әсіресе әнге деген құштарлығым 3 жасымнан басталды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде ұстаздарымыз әнге баулып, алғаш сахнаға шығып ән айтқанмын. Арманым да сол ән айту еді. . . Оқуға түссем деген мақсатым да болатын. Алайда, мектепті бітірген соң өнер бағыты бойынша педагогикалық колледжге де, жоғары оқу орнына да түсе алмадым. Кейіннен 2000 жылы қазақ әдебиеті және шет тілі пәнінің мұғалімі факультетіне Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне оқуға түстім. 2005 жылы оқуды бітірген соң өнер саласына қатты барғым келді. Қуанышыма орай, Мақат ауданына жол түскен сәтімде мәдениет саласында қызмет жасай-тын құрбымды кезіктіріп қалдым. Ол ұсыныс тастап, 2005 жылдың 1 тамызынан бастап мәдениет қызметкері ретінде жұмысқа қабыландым. Биыл ауданық мәдениет үйінде қызмет етіп келе жатқаныма 20 жыл уақыт»,-дейді кейіпкеріміз.

Сағат тілі 11:00 болған шақта кейіпкеріміздің жұмыс орнына келіп жеттік. Күндік жоспары бойынша бүгін аудан көлеміндегі клубтық құрылымдар, яғни, ұжымдар мен үйірмелердің тізімін қарап, толық есебін шығаруы тиіс. Бұл жұмысқа еті үйренген ол жылдам атқарып, келесі жоспарлы жұмысына кірісті. Бүгінгі күнге ауданымыздағы балалар ойын алаңының ашылуы барын айтып, кейіпкерімізбен сол жаққа бет алдық. Ойын алаңының ашылуында Раушан Әлиева жүргізуші болды. Сол арқылы ол мәдениет саласындағы әрбір қызметкер жан-жақты болатынын көрсетті.

Раушан Әлиева мәдениет саласына алғаш келгенде суретші, маман, аға әдіскер қызметін, уақыт өте келе кәсіподақ төрайымы, әдістемелік меңгеруші қызметін атқарған. Қазіргі таңда аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі. «Ең алғаш осы мәдениет үйіне келгенімде есімнен кетпес оқиға болған. Ең бірінші күнім. Мерекелік концерт өтетін болды. Ол кезде Мақатқа енді келіп, үйренісіп жатқанмын, халқын да біле бермейтінмін. Көк сахна болатын. Үсті ағаштан жасалған. Концертті жүргізетін жүргізуші қыз келмей қалып, орнына «сен шығасың» деп маған тапсырды. Мен аң-таң... «Келгенім бүгін ғана ғой» десем де шығарды. Мен бар күшімді жиып, сахнада хабарлап жатырмын. Бір уақытта орнымнан қозғалайын десем аяғым қозғалмайды. Қарасам, бағанағы ағаш сахнаға аяқ киімімнің тақасы қыстырылып қалған. Әлгі жерде жаным қысылып, концертті жүргізіп тұрсам да қобалжымай тақамды шығарып алдым. Алғаш шыққан сахнадағы сол сезім естен кетпейді. Сонда мен өнер адамының қай кезде де сахна мәдениетін сақтау керектігін, қобалжығаныңды көрермен алдында білдірмеу керектігін ұғындым. Ең бастысы қызметіңе жауапкершілікпен қарап, өнерге адал болуы керектігін ұқтым»,- дейді кейіпкеріміз.

Сағат тілі 15:30 жуықтағанда біз кейіпкерімізбен құрылысы аяқталып қалған мәдениет ошағына бардық. Ауданымыздағы ұжымдар мен үйірмелер 13 қарашада «Халықтық ұжым» атағын қорғайды. Соған дайындық барысын қарап, кейіпкеріміздің ән нөмірін тамашаладық. «Әр ауданда өздерінің ұжымдары мен үйірмелері бар. Барлығы дерлік әр 3 жыл сайын «Халықтық ұжым» атағын қорғайды. Олардың қатарындағы адам саны, жас аралығы, қоржындарындағы ән, би – барлығын тексереді. Белгілі нормаларға сәйкес болса, «Халықтық ұжым» атағына сай деген шешім шығарады»,- дейді ол.

17:00 – ардагерлер кеңесіне келдік. Мұнда ауданның ақ жаулықты әжелері жиылып, ән сабағы болып жатыр. Бөлме ішіндегі қоңыр үнмен терезе сыртындағы қою күз үйлесімділік тапқандай сезім тұла бойымды билеп барады.

20 жылдан астам уақыт бойы ауданның мәдени дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген Раушан Сағытжанқызының абырой-беделі әріптестерінің алдында еш төмендеген емес. Себебі қызметіне жауаптылықпен қарайтын оның еңбегі орасан. Сол үшін де үздік қызметкер ретінде алған мақтау қағаздары мен Құрмет грамоталары да жетерлік. «Мәдениет – халықтың рухани өмірінің айнасы, ұлттың жаны мен болмысының көрінісі. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен құндылықтардың жиынтығы болып табылады. Өйткені мәдениет арқылы халықтың тарихы, дүниетанымы, өмір сүру салты мен рухани байлығы танылады.

Сондай-ақ ешбір мерекелік шара, жақсылықтар мәдениет қызметкерлерінсіз өтпейді. Қандай жұмыстың да өзіндік қиындығы болады дегендей, мұны ыстығына күйіп, суығына тоңып шыңдалған мамандар жақсы біледі. 20 жылдан астам уақыт бойы мәдениет саласында жұмыс жасағанда басымыздан оның талайы өтті. Соның бәрін жеңе білдік. Әйел адамдарға бұл оңай емес. Шаршап келсең де қызметің ел көңілінен шыққаны көңіліңді көтереді.

Кейде бір шараның сценарийін дайындау үшін ізденіп, қажет болса журналистер сияқты оның басты кейіпкерімен сұхбаттасып, өзімізге қажетті деректерді жинаймыз. Жалпы мәдениет қызметкері деген уақытпен санаса бермейтін мамандық. Себебі халықтың демалысын ұйымдастыруы, сол бағытта атқарылатын шаралар біздің мойнымызда. Сол шараға елден бұрын ерте барып, сахнаны дайындап, концерт біткен соң бәрін қайта жинап кеш қайтамыз. Бірақ өнер осынысымен қызықты. Бұл өнерге деген – махаббат», - дейді өнер иесі.

Жұмыс уақыты аяқталар уақытта кейіпкеріміз Раушан Сағытжанқызымен қоштастық. Осылайша, маманмен бір күніміз зымырай өте шықты. Шын мәнінде кез-келген жұмыстың, мамандықтың өз ауыртпалығы бар. . Кейіпкеріміз мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін атқарса да, тек қағазбастылық емес, жүргізуші, мұғалім, тәлімгер ретінде бірнеше жұмысты оңай ең серіп шықты. Ал, бұл біздің көрген бір күніміздің қорытындысы. Әр сәті ізденіспен еңбектің, өнермен жауапкершіліктің жемісі. Осындай жандардың арқасында ұлттық мұрамыз сақталып, жаңа ұрпақтың бойына рухани құндылықтар сіңірілуде. Олар – сахна сыртындағы көрінбейтін қаһармандар, елдің мәдени келбетін қалыптастырып жүрген жанкешті мамандар.

Б.СЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT