Кенжебике Төлебаеваның шығармашылық кеші өтті

(0 Votes)

 Мақат мәдениеті десек ойымызға алғашқы боп келетін жандардың бірі – Кенжебике Төлебаева екені анық. Сахнаға шығуды армандаған кішкентай қыз бүгінде өзінен кейінгілерге үлгі болардай күміс көмей әнші, әріптестеріне тәжірибесімен бөліскен білікті басшы. «Өнер жолы – ауыр жол» деген сөздің туралығына талай мәрте көз жеткізген ол өзінің сүйікті ісіне адал болып келеді.

Қыркүйектің жиырма екісі күні мұнайлы өлкенің өнерлі төрінде бұлбұл құстай әуезді ән салған ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Кенжебике Төлебаеваның киелі сахнада өнер көрсетіп жүргеніне 35 жыл толуына және өзінің 55 жас мерей тойына орай «Өнерім – өмірім» атты шығармашылық кеші өтті.

Кенжебике Айтмұханқызы жергілікті ақын Әнуарбек Садықовтың сөзіне жазылған Тамара Асардың «Шырқа, биле», Мұңайбай Төлебаевтың «Ана жаным» және Жарасқан Төлебайдың «Замандастарым» әнімен кеш шымылдығын ашты.

Алғашқы құттықтаулар легі аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов, облыстық халық шығармашылық орталығының бөлім меңгерушісі Дидар Алтыбайқызы және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халеновтен болды. Кейін кеш иесінің ұлы аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Халықтық» театр ұжымының бас режиссері Азамат Елубаев «Анаға сағыныш» әнін арнаса, кешті тізгіндеген бауыры Арайлым Қорғанбайқызы «Апама арнау» деген жүрекжарды жырын оқып берді.

Ал аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі ән үйірмесінің жетекшісі Берік Амантаев Таңжарбайдың әні «Бағила» әнін және халық әндерінен «Попурри» орындап жиналған халықты бір серпілтіп тастады. Келесі болып сахна төріне көтерілген Кенжебике Айтмұханқызының өнер жолындағы әріптестері Құрманғазы аудандық мәдениет үйінің басшысы Жалғас Сағындықов, Индер ауданы Жарсуат ауылдық мәдениет үйінің басшысы Ерлан Өтегенов және Қызылқоға аудандық «Арман» мәдениет үйінің басшысы Кенжебек Бисенбаев, Мақат өнер мектебінің директоры Дәулеткерей Мәулекенов және аудандық «Халықтық» ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері Сая Жұмашева кеш иесіне жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сонымен қатар Кенжебике Айтмұқанқызымен жалындаған жастық шақтағы қызықтарды бірге кешкен курстасы Заря Қуанышқызы мен Раушан Оразбекқызы де ыстық ықыластарын жаудырып өтті. Құрманғазы ауданының қос бұлбұлы Ғаділбек Жанайдың «Қазақ қызы» және Индира Елубаеваның «Өмір неткен тамаша» әндерін шырқады.

Концерттің алғашқы бөлігінің соңында көршілес Қызылқоға ауданынан келген бұрынғы «Наурыз» тобының белді мүшелері Мәншүк Мерғалиева мен Әбдіғаппар Темірхановтың құттықтау тілектері өздерінің орындауындағы жергілікті композитор Алтай Сәрсенбаевтың «Биле досым» әнімен жалғасты.

Екінші бөлімнің басында Кенжебике Айтмұханқызы Орынбасар Жақсыбековтың «Мақат түні», Қалдыбек Құрманәлінің «Шәй ішіп кетсең қайтеді» және «Жолыққан қандай жақсы» әндерін орындаумен елдің ықыласына бөленді.

Кеш иесі керемет әнші ғана емес, шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз. Шәкірттері қазіргі таңда облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері болып жүр. Олар да ұстаздарының шашбауын көтеріп шығармашылық кештің ортасынан табылды. Кенжебике Айтмұханықызымен бүгінде әріптес атанған Жасұлан Сисембиев Тоқтар Серіковтың «Көршінің қызы» әнін айтса, жас өнерпаздардың атынан Сымбат Маңғыстау Медет Салықовтың «Жұмақ мекен», Нұртас Амандық Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау», Ақсүйрік Асқар мен Ақжайнар Мұрат Жарасқан Төлебайдың «Алғыс» әнін шырқады.

Кенжебике Айтмұханқызының ескі достарының атынан келген Сейфулла мен Күләнда Кетеевтер бала кездегі бірге өткізген қызықты естеліктерімен бөлісіп, «Айым ба екен-ай» және «Дүние-ай» халық әндерін тыңдарманның назарына ұсынды.

Құрметті қонақтардың қатарында жергілікті сазгер, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің басшысы Бақытбек Сартбаев та болды. Ол да өзінің сый-сыяпатын табыстап репертуарындағы «Дудар-ай» әнін орындады.

ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиев Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» және Құрманғазының «Адай» күйлерін тартып берсе, Кенжебике Тулебаеваның өнер жолындағы досы Алтай Сәрсенбаев ізгі тілегін Айбек Қайбулланың «Менің досым» әнімен жеткізіп берді.

Кеш соңына қарай бэк-вокалда Жасұлан Сисембиев пен Гүлнәр Ишанғалиева тұрып, күйсандықта Ерасыл Мұсаев, қобызда Айзада Хабибуллаева ойнап, Кенжебике Айтмұханқызы жиналған халықты да әнге қосып Шәмші әндерінен «Попурри» орындады. Кейін ол Гүлнәр Ишанғалиева және Әйгерім Аманғалиқызымен бірге Халық әндерінен құралған «Попурриге» кезек берді. Әдемі кештің нүктесі Кенжебике Төлебаеваның «Ағайын-дос» әнін шырқауымен қойылды.

Мерейлі жасында өнердегі достарын жинап халқына есеп берген жанға тыңдарманның ықыласы да ерекше болды. Әдеттегі концерттерден ұзақтау болып, жайырақ бітсе де бас-аяғына дейін отырып, өнерпаздарға гүлін ұсынғандар ерекше атап өтуге тұрарлық.

Жиырма төрт жасында Мақат кентіне аяқ басып бүгінде шығармашлығымен қатар қызметін қатар алып, көп жылдан бері аудандық мәдениет үйінің директоры боп келе жатырған Кенжебике Айтмұханқызы өлке мәдениеті үшін әлі де тер төге бермек.

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT