Жерлесіміз Ерасыл Шарапиденов елімізге әйгілі «Қайрат» командасының жаңа қақпашысы атанды. «Қайрат» командасымен келісім шарт 2+1 жүйесі арқылы жасалды. Яғни, келісім шартқа екі жылға қол қойды. Ал екі тарап келіскен жағдайда тағы бір жылға созуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, Ерасыл жергілікті Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен түлеп ұшқан. Аяқдопшының алғашқы жаттықтырушылары Ержан Шарафиев пен Жақсылық Амандосов шәкірттерінің жетістігіне дән риза.
Ерасыл бұған дейін жергілікті «Атырау» командасының сапында 2020-2024 жылдар аралығында қақпашы болды. Аталмыш құрама сапында футболшының жеткен жетістіктері де аз емес. 2020-2021 жылдары Қазақстан чемпионатында күміс, қола жүлделерді, 2021-2022 жылдары Қазақстан суперкубогінде күміс жүлдені иеленген.
Ендеше, жас аяқдопшыға жаңа «Қайрат» командасында көрсететін ойындарына сәттілік тілейміз! Мұнайлы мекеннен түлеп ұшқан өрендер биік белестерді бағындыра берсін!
Ж.НҰРБЕГІСҚЫЗЫ