Өңірде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының Атырау қалалық кезеңінің жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов бұл байқаудың қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.
- «Мерейлі отбасы» – қазақы салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын маңызды жоба. Отбасы – тәрбие мен тағылымның алтын ұясы. Бүгінгі марапат иелері – шаңырақ шаттығын елдің бақытына ұластырған, көпке үлгі болатын отбасылар. Мұндай игі дәстүр жалғасын таба берсін, – деді ол.
Биылғы байқауға Атырау қаласынан 10-нан астам отбасы қатысып, олардың ішінен үздік деп танылғандар арнайы марапаттарға ие болды.
Құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар алдымен Мутиевтер, Сейткереевтер және Карабалиевтер отбасыларына табысталды.
Ал байқау қорытындысы бойынша жүлделі III орынды Темірбек Мұстафаның отбасы, II орынды Нұрмұханов Даниярдың, сондай-ақ I орынды Сердалиев Тәттіғалидің отбасы иеленді.
Бас жүлде иегері атанған Сердалиевтер әулеті – бірнеше ұрпағы түрлі салада еңбек етіп келе жатқан, береке-бірлігі жарасқан өнегелі отбасы.
- Бұл – отбасымыз үшін үлкен құрмет. Біздің жетістігіміз – татулық пен сыйластықтың нәтижесі. Осындай байқаулар жастарға да үлгі, отбасылық құндылықтарды дәріптеудің жолы деп білеміз, – деді Тәттіғали Сердалиев.
Салтанатты кеш соңы отбасылық тақырыптағы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жоба. Оның мақсаты – қоғамда үлгілі отбасылардың тәжірибесін насихаттау және отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Атырау қалалық кезеңінің жеңімпаздары енді облыстық байқауға жолдама алады.