Иманкулова Зульфия жүктілігінің 39 аптасында модульді жұқпалы аурулар ауруханасына түскен, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
- 27 тамыз күні Құлсары қаласындағы ауруханада ПТР тест тапсырған болатынмын. Оң нәтиже көрсетті. Дәрігерлер бірден әрекет етіп, компьютерлік томографияға түсірді. Өкпемнің 19 пайызы зақымданған. 28 тамыз модульді жұқпалы аурулар ауруханасына келдім. Алғашында әлсіреу, дем жетпеу байқалды. Кейін жағдайым нашарлаған соң жансақтау бөлімінде жаттым. Онда Дәулен Хамидоллаұлы бастаған, Өмірбек Аманұлы, Дархан Жақсылық атты реаниматолог-дәрігерлер ем-шараларын көрсетті. Сол жерден аман-есен сәбиімді дүниеге әкелдім. Аурухана директоры Мағжан Жолдасұлы мен орынбасары Надя Атчигалиқызы және өзге де дәрігерлер консилиум өткізіп, әркез байланыста болды. Қазір жағдайым жақсы, балам да аман-сау,- деді көпбалалы ана.
Емдеуші дәрігері Шолпан Кенжебайқызының айтуынша, науқас 4 қыркүйек күні босанды. Жаңа туған нәрестеде коронавирус инфекциясы анықталмады. Бастапқы күндері бала анасының қасында болды. Алайда науқас баласына күтім жасауға жағдайы келмегендіктен, сәби үйіне жіберілді. Көпбалалы анаға тиісті ем-шаралар жүргізілуде, жағдайы тұрақталды.