Covid-19 вирусынан қорғанудың бірден-бір жолы – вакцина. Әлемді шыр айналдырған індеттің алдын-алудың жолы әзірге тек екпе болып отыр. Жыл басында егу науқаны басталғаннан бүгінгі күнге дейін ауданда 1340 адам вакцинацияланған. Коронавирусқа қарсы екпе алатындардың қатары соңғы уақытта арта түсуіне байланысты 4 маусым күні аудандық орталық ауруханаға 500 доза «Спутник V» вакцинасы жеткізілсе, араға төрт күн салып 8 маусым күні тағы 400 доза екпе келді.
Осылайша, қазіргі уақытта Мақат және Доссор кенттерінің егу кабинеттерінде «Спутник V» вакцинасы қолжетімді болып отыр.
Жалпы екпе алушылардың көшін мұғалімдер және медицина қызметкерлері бастап тұр. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардың да белсенділігі жоғары деңгейде. Өзінің ғана емес, ағайын-туысының бас амандығы үшін екпе алып жатқан тұрғындар да бар.
Аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Р.Тайшекенованың айтуынша, екпе егу шарасы таңертең сағат 8:00-де басталып, кешкі 21:00-ге дейін жүргізіледі. Сондай-ақ екпе ерікті түрде тегін, 18 жасқа толғандарға салынады. «Коронавирусқа қарсы екпені өзге вакциналармен салыстырғанда, еш айырмашылығы жоқ. Екпе алған адамды үйге бірден жібермейміз, міндетті түрде 30 минут дәрігерлердің бақылауында болады. Осы уақытқа дейін вакцина қабылдағандардың ішінде жағдайы нашарлаған адамдар болған емес. Барлығының денсаулығы - қалыпты»,- дейді Рыскүл Леккерқызы.
Сондай-ақ, дәрігер тұрғындарға маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақырып, індеттің жеңудің бірден-бір жолы – вакцина егу екенін айтады.
Айта кетейік, Мақат кентінде екпе егу жұмыстары аудандық орталық емхананың 2-ші қабатында орналасқан 48-ші кабинетте жүргізіледі. +7 777 847 44 24 нөміріндегі WhatsApp желісі арқылы тіркеле аласыз. Ал, Доссор кентінде егу жұмыстары Доссор селолық емханасының 2 қабат, 29 кабинетінде жүргізіледі. + 7 778 248 98 28 нөміріндегі WhatsApp желісі арқылы тіркелуге болады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет: ашық дереккөз