Ауыл халқына қызмет көрсететін медициналық пойыздардың жұмысы жанданды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
«Шалғайдағы ауылдардың 1 млн астам тұрғыны үшін 149 жылжымалы медициналық кешен консультациялық-диагностикалық қызметтер, скрининг, дәрі-дәрмектер ұсына отырып, медициналық көмек көрсетті. Биыл 10 өңірде 38 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды», - деді Ажар Ғиният «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының бірінші жартыжылдықтағы нәтижелері жайында баяндай келе.
Оның дерегінше, ауылдық елді мекендерде 6 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункт пен дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы аяқталды. 17 нысан салынып жатыр. Ғимараттарды жалдау арқылы 8 нысан ашу жоспарланған.
«Сонымен қатар, аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен жабдықтау 84 пайызға дейін жеткізілді. Жоспарда 74 пайызға жеткізу тұрған еді», - деді министр.
Inform.kz