Атырауда балаларға арналған оңалту орталығы жұмыс істегелі бері 3000-ға жуық бала кешенді емдеу курсынан өтті. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бұл алғашқы орталық облыста бес жыл бұрын ашылып, бүгінде табысты қызмет атқарып келеді. Ол туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Мұнда тірек-қимыл жүйесі бұзылған, неврологиялық, нейрохирургиялық, кардиохирургиялық және нейроортопедиялық ауытқуы бар 1-18 жас аралығындағы балаларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Орталық емдік дене шынықтыру залы мен механиотерапияға арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Солардың бірі – баланың тік тұруына және қозғалыс үйлесімін жақсартуға мүмкіндік беретін «Атлант» костюмі. Өткен жылы мұнда тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың жүру дағдыларын қалпына келтіруге арналған заманауи педиатриялық «Локомат» құрылғысы орнатылды. Бұл аппарат оңалту үдерісінің тиімділігін едәуір арттырады.
Эрготерапия бөлмесінде балалар күнделікті өмірде қажет дағдыларды меңгереді: ас үйдегі қарапайым жұмыстар, киіну, сыртқы ортаға бейімделу, бау байлау сияқты әрекеттерге машықтанады. Сонымен қатар логопед, дефектолог және психолог мамандар тұрақты түрде қызмет етеді. Логопед пен дефектолог сөйлеу қабілетін түзетуге көмектесе, психолог балалардың психоэмоционалды жағдайын жақсартуға бағытталған жеке және топтық сабақтар өткізеді.
Сондай-ақ орталықта сенсорлық кабинет, шунгит бөлмесі, тұзды шахта, гидромассаж және бос терапия бөлмелері жұмыс істейді. Олар тыныс алу жолдарын жақсартып, жүйке жүйесін тыныштандыруға және бұлшықет ширығуын төмендетуге бағытталған.
– Жыл сайын мұнда 700-ге жуық бала ем алады. Емдеу курсы 21 күнді құрайды.
Бұл орталық – өңіріміздегі балалардың денсаулығын жақсартып, өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба, – дейді оңалту орталығының меңгерушісі Гүлнұр Мейрамова.
Бүгінде орталықта 35 маман еңбек етеді. Олар бір уақытта 50 балаға дейін қабылдай алады. Құрылым қызметі алдағы уақытта да ерекше күтімді қажет ететін балалардың әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса бермек.