Мақат аудандық мәдениет үйінде «2020 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы және кәсіби бағдар беру» тақырыбында түлектер мен ата-аналарға арналған ақпараттық түсіндіру жұмысы ұйымдастырылды.
Шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының Атырау облысы бойынша филиалының жетекшісі Айнагүл Дүйсекенова және Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылар құрамы қатысты.
Мәліметтерге сүйенсек, ауданда биыл 230 оқушы мектеп бітіреді. Оның 14-і алтын белгіге және 9-ы үздік аттестатқа үміткер. Биылғы қаңтар айында өткен тестілеуге 209 оқушы қатысып 48,1% пайыз көрсеткіш көрсетті.
Шара басында мінберге шығып сөз бастаған Айнагүл Дүйсекенова «2017 жылдан бері білім беру жүйесінде үлкен өзгеріс енгізіліп, ҰБТ жоғары оқу орнына түсетін емтихан ретінде қалдырылды. Ал, алтын белгі және үздік аттестат анықтау мектептің құзыреттілігінде қалып, мемлекеттік емтихан өткізу арқылы беріледі»,- деді.
Бүгінгі күні ҰБТ-ны оқушы өз еркімен жоғарғы оқу орнына түсу үшін тапсырады. Егер оқушы колледжге немесе шет елге оқуға түсетін болса, ҰБТ тапсыру міндеттелмейді. Былтырдан бастап ҰБТ жылына төрт рет өткізілетін болып бекітілді. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін тестілеудің сертификаттары оқу орнына тек ақылы түсуге мүмкіндік береді. Ал, егер оқушы мемлекеттік грантқа ілігуді мақсат етсе, онда міндетті түрде маусым айында өтетін тестілеуге қатысу қажет.
Аталған үш айдағы тестілеуде жоғары ұпай жинаса да, грантқа тек маусым айының тестілеу қорытындысымен құжат тапсыра алады. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін тестілеу ақылы негізде өткізіледі. Бағасы – 2242 теңге. Әрбір тестілеудің қорытындысы өз алдына нәтиже. Оқушы тестілеуге бір рет қатыса ма, төрт рет қатыса ма өз еркі. Бір нәтиже екінші нәтижені жоққа шығармайды.
Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!
М.Ізтұрғанова
Суреттер автордікі